$ 540.78  618.65  6.71
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
31.07.2025, 14:25
Қоғам

Киік етін браконьерлердің сатпайтынына кім кепіл – министр жауап берді

Ет комбинатында барлық сараптама жүргізіледі деп сендірді министр

Киік етін браконьерлердің сатпайтынына кім кепіл – министр жауап берді
Фото: istockphoto.com

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев халыққа сатылатын киік етінің сапасы қалай қадағаланатынын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, қазір киіктердің еті ет комбинаттарына тапсырылады. Ол жерде санитарлық, ветеринарлық мамандар мен СЭС қызметкерлері жұмыс істейді. Барлық процедура қатаң сақталған.

«Алдымен киіктердің мекен еткен орындары зерттеледі, эпизоотиялық жағдай тексеріледі, содан кейін ғана атылады. Ет комбинатында әртүрлі ауруларға қан талдауы, басқа да зертханалық сараптамалар жасалады. Тек осыдан кейін ғана ет сатылады. Сондықтан бұл жерде ет сапасына қатысты ешқандай күмән болмауы керек», - деді ол Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ министр киік етін сатуы мүмкін браконьерлер туралы айтты.

«Тауар сату жүйесі арнайы жүкқұжаттар арқылы жүзеге асады және әрбір ет комбинаты бұл рәсімді қатаң сақтайды. Еттің қандай да бір сауда нүктесіне кездейсоқ түсуі мүмкін емес. Бүгінде ет өнімдері сатылатын барлық сауда орнында ветеринарлық және СЭС қызметтері тексеріс жүргізеді. Тіпті сауда орындарының өзінде де бақылау бар. Сондықтан еттің рұқсат етілмеген жерде сатылуы мүмкін емес. Әрине, егер ол жол бойында, рұқсат етілмеген жерде сатылып жатса – бұл басқа мәселе. Бірақ қазіргі таңда еттің осындай заңсыз жолмен сатылып жатқанына сену қиын. Бұған қатысты бақылау өте қатаң», - дейді Нысанбаев.

Естеріңізге салайық, шілде айының басында Батыс Қазақстан облысында киік аулау ресми түрде басталды. Ауланған киік еті арнайы белгіленген ет өңдеу кәсіпорындарына жеткізіліп, артынша халыққа сатылады.

Серіктес жаңалықтары