Ресей азаматшасы Қазақстанда қоғамдық ұйым құрғысы келген – Конституциялық сот бас тартты
Ол Астана қаласының әділет департаментіне жүгінген

Шетел азаматтары Қазақстанда қоғамдық бірлестіктерге мүше бола алады, бірақ құрылтайшысы бола алмайды. Ресей азаматшасының өтінішін қараған Конституциялық сот осындай қорытындыға келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ресей азаматы Астана қаласының әділет департаментіне Қазақстан азаматтары мен шетелдіктердің бастамасымен құрылған қоғамдық бірлестікті тіркеу үшін өтініш берген. Бірақ құзырлы орган оны тіркеуден бас тартқан. Осыған байланысты ол қоғамдық бірлестіктердің құрылтайшысы болуға құқығы бар адамдар тобын реттейтін «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңның 10-бабының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішпен Конституциялық сотқа жүгінген. Алайда Конституциялық сот бұл заңның ережесі Конституцияны бұзбайтынын және азаматтар мен шетелдіктердің құқықтық мәртебесінің аражігін ажыратудың негізгі қағидаттарына сәйкес келетінін растады.
«Конституцияға және Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары ғана қоғамдық бірлестіктердің құрылтайшылары, ал егер шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың қатысуына қоғамдық бірлестіктің жарғысында жол берілсе, олар қоғамдық бірлестіктердің мүшелері бола алады», - делінген хабарламада.
Осылайша Конституциялық сот өтініш берген шетелдіктің конституциялық құқығы бұзылған жоқ деген шешімге келіп, оның өтінішін қабылдауға негіз жоқ деп мәлімдеді.