20 млн теңге айыппұл арқалайсыз: әуежайда қандай сөздерді айтуға қатаң тыйым салынған
Бұл сөздерді тіпті әзіл ретінде де айтуға болмайды

Астана әуежайы ғимарат ішінде және ұшақ бортында қандай сөздерді айтуға болмайтынын жолаушылардың есіне салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әуежайда мына сөздерді айтуға қатаң тыйым салынған: бомба, атыс, қару, теракт, терроризм, жарылыс. Тіпті бұл сөздерді айтып әзілдеуге де болмайды. Өйткені бұлар – қылмыстық жауапқа тартуға әкеп соғатын сөздер.
«Жалған ақпарат таратқан адам рейстен алынады. Рейс кейінге шегеріледі, басқа жолаушылар қайтадан тексерістен өтеді. Ал ереже бұзған жолаушы дереу желілік полиция өкілдеріне беріліп, тергеу шаралары басталады», - деп ескертті елорда әуежайының баспасөз қызметі.
Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша теракт, атыс немесе қауіп туралы жалған не үрей тудыратын ақпарат таратқаны үшін 5 мың АЕК-ке дейін (19 660 000 теңге) айыппұл салынуы немесе дәл сол көлемде қоғамдық жұмыстарға тартылуы не 2 жылға дейін бас бостандығы шектелуі мүмкін. Кейбір жағдайларда 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
«Видео түсіріп жатсаң да, контент үшін еркіндігіңе қауіп төндірме», - деп ескертті әуежай өкілдері.