$ 542.03  627.29  6.66
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстандағы ең танымал туристік орындарда неше теңгеге демалуға болады

Алакөлге қаңтар, ақпан, наурыз айларының өзінде 53 200 адам келген 

Қазақстандағы ең танымал туристік орындарда неше теңгеге демалуға болады
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Жаз мезгілі аяқталуға жақын. Бірнеше күннен кейін тамылжыған тамыз басталады. Осы кезеңде Қазақстанның көрікті туристік аймақтарына саяхаттап, табиғат аясында тынығуға болады. Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі ел ішіндегі танымал демалыс орындарына қалай жетуге болатыны және сапардың орташа құны туралы шолу ұсынады.

Алакөл - Қазақстандағы ірі туристік орындардың бірі. Ол Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарының шекарасында орналасқан, суы тұзды әрі минералдарға бай. Мұндағы негізгі демалыс орындары Ақши, Қабанбай, Үржар, Жарбұлақ ауылдарында ұйымдастырылған. Ресми статистика деректеріне сәйкес, 2024 жылы Алакөл ауданының жағалауына 132,8 мың турист келген. Ал 2025 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш 53,2 мың адамға жетті.

Алакөлге жету құны Қазақстанның қай өңірінен баратыныңызға байланысты әртүрлі. Батыс өңірлерден келетін туристер алдымен Астана немесе Алматы қалаларына ұшып келіп, ары қарай «Алматы – Үшарал» немесе «Астана – Үшарал» бағытындағы рейстерге отырады. Бұл бағыттарға мемлекет тарапынан субсидияланған билеттер ұсынылады. Бағасы – 20 000 теңге. Ал маусым кезінде әуе билеттерінің құны 20 мыңнан 80 мың теңгеге дейін көтерілуі мүмкін.
Пойыз билеттерін «Алматы – Достық – Жалаңашкөл», «Астана – Достық» бағыттары бойынша 5300 - 24 000 теңге аралығында табуға болады. Алматы қаласынан Алакөл жағалауындағы Ақши және Көктұма ауылдарына қатынайтын автобустардың билеттері 10500 теңгеден басталады. 

2025 жылы 2,4 млрд теңге көлемінде жеке инвестициялар тартылып, 17 жаңа нысанды іске қосу жоспарланып отыр.

Қапшағай су қоймасы - Алматыдан солтүстік-шығысқа қарай шамамен 70–80 км қашықтықта орналасқан танымал туристік аймақ. Қонаевқа тікелей рейс жоқ. Туристер алдымен Алматы немесе Астанаға ұшып келіп, одан әрі автобус немесе такси арқылы жетеді. Алматы - Қапшағай бағытында жергілікті пойыздар жүреді, билет бағасы – 500 теңгеден басталады. Алматыдағы Сайран автовокзалынан Қонаевқа бағытталған автобустар күніне 3 рейс орындайды. Билет құны – 1 060 теңге, жол уақыты – 1 сағат 30 минут. Кей операторлар бағасын 800 теңгеден бастайды. Таксимен жол құны – 1 200–2 000 теңге аралығында. Қапшағайда ақылы да, тегін де жағажайлар бар. Жалпы, 140-тан астам демалыс орны жұмыс істейді.

Балқаш көлі - Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы тұйық көл. Каспий мен Аралдан кейінгі көлемі бойынша үшінші орында. Су температурасы жазда +25–27 °C, шомылу маусымы мамырдан қыркүйекке дейін жалғасады. Жағажайлары құмды, кей жері жартасты. 2024 жылы Балқаш қаласына 135 166 турист келген. 2025 жылғы нақты мәліметтер туристік маусым аяқталғаннан кейін жарияланады.

Балқашқа тиімді жету жолы - Алматы немесе Қарағанды қалаларына ұшып барып, одан әрі автокөлік немесе пойыз арқылы жету. Алматы – Қарағанды бағытындағы билеттер 25 – 50 мың теңге аралығында. Алматы мен Астанадан Қарағандыға пойыз қатынайды, билет құны – 1495 теңге мен 7900 теңге арасында табылады. 

Қарағандыдан Балқашқа күн сайын екі пойыз жүреді. Жол уақыты – 7–11 сағат, билет құны – 1748 теңгеден басталады. Автобуспен 6,5 сағатта жетуге болады. Билет құны – 3000 теңге.

Сұранысқа ие жағажайлар — Шұбартүбек пен Тораңғалық. Танымал демалыс орындары: «Досжан», «Көктем», «Балқаш», «Сказка», Aqua Crystal, «Релакс», «Жемчужина».

2025 жылдың 1-тоқсаны бойынша орташа орналастыру бағасы – 11 000 теңге. Қосымша қызметтер:
– Қайық жалға алу – 2 000 тг
– Катамаран – 2 000 тг
– Гидроцикл – 10 000 тг
– Су аттракциондары («банан» және т.б.) – шамамен 2 500 тг

Тораңғалық пен Шұбартүбекті сумен қамту үшін Балқаш – Тораңғалық магистральды құбыры салынып жатыр. Жобаға 700 млн теңге бөлінді.

Бұқтырма су қоймасы - Қазақстандағы ең үлкен жасанды су айдыны. 1960–1967 жылдары Ертіс өзеніне бөгет салу арқылы жасалған. 2024 жылы Қатонқарағай ауданына – 33,5 мың, Алтай ауданына – 61,3 мың турист келген. 2025 жылдың 1-тоқсанында бұл көрсеткіш тиісінше – 511 және 2 130 адам келді. Қатонқарағайда экологиялық, сауықтыру және ауыл туризмі дамыған.
Оған жақын ірі қала  Өскеменге Алматы, Астана, Шымкенттен тікелей ұшуға болады. Билет құны – 19000 – 64 000 теңге аралығы, пойыз билетінің бағасы шамамен – 7 500 – 20 800 теңге аралығында. Өскеменнен Қатонқарағайғаавтобус, такси, шаттлдар жүреді, олардың ақысы 4500 теңгеден басталады. Тұру орындары – глэмпингтен бастап пансионаттарға дейін әртүрлі. Бағасы – 20 000 – 300 000 теңгеге дейін болады.

Ақтау қаласы - Каспий теңізі жағалауындағы портты қала, Маңғыстау облысының орталығы. 2024 жылы 462 723 турист қабылдаған, оның 419 584 –і отандық, 42 869-і шетелдік азаматтар. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында – 66 450 адам келген. Ақтауға көптеген қалалардан тікелей рейстер бар. Билет бағасы маусымға қарай 100 000 теңгеге дейін қымбаттайды.  Шығыс өңірлерден тікелей пойыз жоқ. Басқа өңірлерден трансфер қажет. Маңғыстау станциясына пойыз билеттері Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан – 20000 – 37000 теңге аралығында табылады. Ақтөбе, Атыорау қалаларынан автобуспен – 7 000 – 10 500 теңгеге жетуге болады. Ақтаудағы қызмет құны:
– Қонақ үйлер – 12 000 – 50 000 ₸
– Аквапарктер – 3 000 – 13 000 ₸
– Жағажайлар – 1 000 – 4 000 ₸
– Су спорты (катамаран, яхта, банан т.б.) кеңінен ұсынылады.

Маңғыстау облысында 2025–2029 жылдары жалпы құны 189,7 млрд теңгені құрайтын 18 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл жобалар аясында 700-ден астам жаңа жұмыс орны құрылмақ.

2024 жылы өңірдегі Бозжыра шатқалына 4 464 турист, Тұзбайыр сорына 1 903 турист келген. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш тиісінше 1 549 және 1 125 адамды құрады. Облыстағы туристік қызметтердің құны орта есеппен төмендегідей: орналастыру қызметтері – 15 000-нан 250 000 теңгеге дейін, қоғамдық тамақтану орындары – 3 000-7 000 теңге, гид қызметтері – 15 000-30 000 теңге аралығында.

Ескерту: көлік бағалары шамамен жазылды. Олар маусымға, сұранысқа және бағытқа байланысты өзгеріп отыруы мүмкін. Жолға шығар алдында нақты мәліметті ресми тасымалдаушылардан немесе онлайн платформалардан тексеріп алған жөн.

Серіктес жаңалықтары