$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
06.09.2019, 12:04
Қоғам

Солтүстікте 100-ге тарта ауыл «жойылуы» мүмкін

Бүгінде теріскейде 635 елді мекен болса, алдағы жылдары тұрғындар саны 50-ден аспайтын жүзге тарта ауыл таратылады

Солтүстікте 100-ге тарта ауыл «жойылуы» мүмкін

Соңғы үш жылда Солтүстік Қазақстан облысында 33 ауыл картадан жойылды. Басты себеп – тұрғындардың қалаға қарай үдере көшуі. Бүгінде теріскейде 635 елді мекен болса, алдағы жылдары тұрғындар саны 50-ден аспайтын жүзге тарта ауыл таратылады, - деп хабарлайды «Azattyq ruhу» тілшісі.                     

Ауыл тұрғындарының қалаға ағылуының басты себебі - жұмыссыздық. Бұдан бөлек ауыз су, жол және телефон байланысының жоқтығы халықты көшуге мәжбүр етіп отыр. «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық орналасуы туралы» Заңына сәйкес, тұрғындар саны 50-ден аспайтын ауылдар жақын маңайдағы елді мекендердің құрамына енуі тиіс. Қызылжар өңірінде мұндай 97 елді мекен болса, соның 12-сі Ресеймен шекаралас аумақта орналасқан.

«Урбанизация – жүздеген жылдар бойы жүретін үрдіс. Қазақстанда ол қолдан жасалып жатыр. Бұл – қате. Біз тұтынып отырған ет пен сүт тағамдарының 70 пайызы ауылдан келеді. Елді мекендерді құртсақ, оны кім істейді. Ауыл тұрғындары қалаға көшіп жатыр, баспана да,  тұрақты жұмыс та жоқ. Ауылдардың жер бетінен жойылғаны – қазақ елінің құрығаны. Шет елдермен шекарада орналасқан елді мекендердің таратылуы біздің жерімізге қауіп төндіреді», – дейді СҚО Құрметті азаматы Болат Сағындықов. 

50 жыл бойы ауыл шаруашылығы саласында түрлі  жоғары лауазымдық қызмет атқарған ел ағасы үкіметтік деңгейде комиссия құрылып, ауыл мәселесі тереңнен зерттелуі тиіс екендігін айтады.

Мектеп – ауылды ыдыраудан сақтап отырған басты құрал. Тәжірибе көрсетіп отырғанындай, ауылдықтардың ата қоныстарын тастап, туған жерден кетуіне түрткі болатын негізгі себептердің бірі – білім ошақтарының есігіне қара құлыптың ілінуі. 2017 жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысында 43 мектеп жабылған. Балаларының болашағын ойлаған осы елді мекен тұрғындары бүгінде қала маңын жағалап жүр. Ал, алдағы жылдары облыста тағы 97 ауыл таратылмақ.

«97 ауылда 2 404 адам тұрып жатыр. Оның 35 пайызы зейнеткерлер мен балалар. Аталған елді-мекендерде мектеп пен әлеуметтік инфрақұрылым жоқ. Суды тасып ішіп отырғандар бар. 62 ауылда шаруашылық жоқ. Оларды ұстап отыру мемлекетке экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Сондықтан, ауылдарды тарату жұмыстары жалғасын табады», – дейді СҚО Экономика басқармасының ауылдық аймақтарды дамыту бөлімінің жетекшісі Жанар Ахмиева. 

Солтүстіктің ауылдарын сақтап қалудың бір жолы – жұмыс күші көп оңтүстік өңір тұрғындарын теріскейге көшіру. Бұл бағдарлама бастау алғаннан бері Қызылжар өңіріне 700-ден астам отбасы немесе 3 мыңнан астам адам қоныс аударған. Алайда облыстың демігіп тұрған демографиясы әлі оңала қойған жоқ. Себебі, көрші елге қоныс аударушылар саны келушілерден әлі де басым. Әсіресе, білім қуған жастар шетелге кетуге құмар.

Дегенмен, ауыл түтінінің түзу ұшуы бірінші кезекте адамдарына байланысты ма дерсіз. Мәселен, Мамлют ауданына қарасты Бостандық ауылы кезінде 200 түтіні бар елді мекен еді. Бүгінде 70 шақты шаңырақ қалған. Ауылды таратпай ұстап тұрған жалғыз діңгек – мектеп. Оқушылар санының жылдан-жылға азайып бара жатқанын аңдыған осы жердің тумасы Ерлік Мұхамеджанов, оңтүстік өңірлерден көпбалалы отбасыларды Бостандыққа көшіріп әкелу мақсатында өз күшімен бірнеше үй салып жатыр. 

«Әзірге 2 үй салып жатырмыз. Оның біріне кімнің көшіп келетіні анықталып қойды. Ол - Арыс қаласынан қоныс аударған көпбалалы отбасы. Әзірге, жаңа баспанада құрылыс аяқталған жоқ, сондықтан олар басқа тұрғындардың үйлерін уақытша паналауда. Келер жылы тағы 4 баспана құрылысы басталады. Алдын-ала келісімге сай, нысандарды әкімдік сатып алып, көшіп келушілерге 5 жылға дейін жалға береді. Аталған мерзім аяқталғаннан кейін иелері үйді аттарына түсіріп ала алады»,  – дейді Ерлік Мұхамеджанов.

Алайда, Қазақстанда Бостандық сынды ауылдар жоқтың қасы. Қазақ халқы ықылым заманнан ауылда туып, топырағына аунап-қунап өсті. Бүгінде урбанизация үрдісінің кесірінен сол киелі мекендердің иесіз қалып жатқаны өкінішті. 

Әлемде ауыл шаруашылығы саласы экономикасының негізгі тірегі болып табылатын мемлекеттер баршылық. Алысқа бармай-ақ, бұрынғы КСРО-ға мүше болған елдерді алар болсақ, өзін-өзі ет, сүт, көкөніспен толық қамтамасыз етіп отырған Беларусь ойға оралады. Мәселен, Қазақстанның ЖІӨ-де ауылшаруашылығының үлесі 5 пайызды құраса, Беларусьте бұл көрсеткіш 8,1 пайызға жетіп тұр. Сонда жер көлемі бар болғаны 207,6 мың км/кв құрайтын, яғни Қазақстаннан (272,5 млн га) 100 есеге кіші елдің азық-түлік тауарларын экспорттауда әлем бойынша алдыңғы қатарға шығуы жүйелі жұмыстың нәтижесі ма дерсіз. 

Қазақстанда да жыл сайын ауыл шаруашылығы саласын ілгерілетуге арналған түрлі бағдарламалар қабылданып жатыр. 2002-2005 жылдар «Ауыл жылы» деп жарияланды, оның ізін ала 2004-2010 жылдарды қамтитын «Ауылдық аймақтарды дамыту» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұдан да басқа бағдарламалар жүзеге асырылып келеді.  Салаға мемлекет қазынасынан бөлініп жатқан қаражат көлемі де аз емес. Ауылшаруашылығына берілетін несиені айтпағанда, бұл салаға тек биылдың өзінде 300 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Алайда, миллиардтаған қаржының әр тиыны ауыл игілігі үшін жұмсалып жатыр деп айту қиын. Себебі ауылшаруашылығын қолдауы тиіс «ҚазАгро» сияқты холдингтердің өзі былыққа белшесінен батуда. Мемлекет қаржысын тиімсіз жұмсаудың ар жағында жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың құлағы қылтиятын сияқты.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары