Ауру мал көмілген маңайда жайылған: Атбасарда 19 адам сібір жарасын жұқтырды
Екі ауылда карантин енгізілген

Ақмола облысының Атбасар ауданында күйдіргі жұқтырған 19 адамның біреуінің жағдайы – ауыр. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің айтуынша, Атбасар ауданында ауылдан жеті шақырым жерде екі ауылдың малы жайылған. Алдымен жетеуінен, сосын үшеуінен сібір жарасы анықталған.
«Сол жерде сібір жарасының қорымы болған, сол маңайда мал баққан. Барлығы он мал анықталып, өртелді. Дезинфекция жасап, карантин енгіздік. Мал баққан жерді қоршауға алып, шлагбаум қойып, ол жерге бөлек 1 шілдеден карантин енгіздік. Сосын екі ауылда да карантин жарияладық», - деді Сапаров Үкіметте өткен брифингте.
Карантин екі аптаға созылады.
Айтуынша, Атбасар ауданында 19 адам күйдіргі жұқтырған. Бір пациенттің жағдайы – ауыр, қалғаны орташа ауыр хәлде жатыр. Қазір дәрігерлердің бақылауында.