«Мәдениет жоқ»: Бағлан мен Еркін ән айтып жатқанда кедергі келтірген той қонақтары сынға қалды (ВИДЕО)
«Әдемі ән айтылып жатыр, тыңдаудың орнына неге мазасын алып суретке түседі?»

Әнші Бағлан Әбдірайымов пен Еркін Нұржанов тойда ән айтып жатқанда суретке түсу үшін бірінен-кейін бірі шығып, өнерпаздарға кедергі келтірген қонақтар желі қолданушыларының сынына қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тойдағы дуэттің видеосын Бағлан Әбдірайымов Instagram парақшасында жариялады.
«Көпшіліктің көңілінен шыққан ән мына сахнада, тойда бірінші рет орындалайын деп тұр. Тіл көзім тасқа деп шыбық сындырып қойсаңыздар болады. Бұл да бір ерекше сәттің бірі. Екі жастың құрметіне ән саламыз», - дейді Бағлан Әбдірайымов.
Содан кейін қос әнші «Махаббат назы» әнін бірге орындауға кіріседі. Осы кезде тойшыл қауым бірінен-кейін бірі шығып, суретке түсе бастайды. Бұл жағдай әншілердің ойын бөліп, ыңғайсыздық тудырғаны байқалады. Мұны көрген желі қолданушылары қонақтардың әрекетін сынға алды.
«Әдемі ән айтылып жатыр, тыңдаудың орнына неге мазасын алып суретке түседі? Ән біткен соң уақыт болады ғой», «Осы қазақтар ән айтып жатқанда қасына барып кедергі келтіреді», «Сахнада, тойда ән айтып тұрғанда неге әртістерге жармаса кетеді? Фотоға түскілерің келсе фотозонаға шақырып түсіңдер. Мәдениет жоқ», «Не деген жабайылық, фотоға түсіп не істемекші? Әндерін тыңдаса болды емес пе?», - деп ашуланды олар.