«Бізге тыныш көршілер қажет»: СІМ өкілі Ирандағы жағдайдың елімізге әсері туралы айтты
Оның сөзінше, Қазақстан мен Иран алдағы уақытта үлкен жобаларды іске асырмақ

Ирандағы шиеленіс Қазақстанға қалай әсер етеді? ҚР Сыртқы істер министрлігінің реми өкілі Айбек Смадияров жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Иранмен ынтымақтастық көпжақты сипатқа ие және іс жүзінде барлық салада жүзеге асырылуда. Жақында министр ресми сапармен барып келді, нәтижесінде болашақта іске асатын көптеген жоба бойынша келісімдер жасалды. Олардың қатарында логистика, сауда, инвестициялар, өндіріс және энергетика салалары бар. Бұл ынтымақтастықтың елдеріміздің өзара дамуына үлкен ықпалы бар», – деді СІМ өкілі.
Сонымен қатар, Смадияров Ирандағы қазіргі жағдайды мұқият бақылап отырғандарын атап өтті.
«Біз барлық тарапты практикалық диалогқа шақырамыз. Бізге тыныш көршілер керек. Соғыстың болмағаны қажет», - деп атап өтті ол.
Ол Иранмен тығыз ынтымақтастықтың жалғасуы елдер арасындағы экономикалық және саяси байланыстардың нығаюына ықпал ететініне сенім білдірді.