Қазақстанда 800 полицей борышын өтеп жүріп мерт болған
Осы жылдар аралығында 5 мыңнан астам қызметкер жараланған

Бүгін, 23 маусым – Қазақстан полициясы күні. Ресми дереккөзге сүйенсек, тәуелсіздік алғаннан бері 800-ден астам адам қызметтік борышын өтеп жүріп қаза тапқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сәденов әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтаған
Ішкі істер министрі Ержан Саденов Ішкі істер органдарының қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаған. Айта кетейік, биыл Қазақстан полициясының құрылғанына 33 жыл толып отыр.
«Ішкі істер органдарындағы қызмет жоғары кәсібилікті, төзімділікті және өз ісіне шексіз адалдықты талап етеді. Бүгін де, бұған дейінгідей, сіздер табандылық, жанқиярлық пен антына адалдық танытып келесіздер. Сіздерге зор денсаулық, амандық және жақсылық тілеймін», - деп жазған Сәденов.
Полиция күні қашан белгіленді
Қазақстан полициясының кәсіби мерекесі 2007 жылы белгіленген және жыл сайын 23 маусымда — 1992 жылы «Ішкі істер органдары туралы» Заң қабылданған күні тойланады.
800 полицей қызметтік борышын өтеп жүріп мерт болған
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, тәуелсіздік жылдары ішкі істер органдарының 800-ден астам қызметкері қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан екен. Осы аралықта шамамен 5 мың қызметкер жарақат алған.