Қазақстандықтар 2026 жылдан бастап таксимен ұша ма: жоба жайлы тың дерек бар
Алғашқы аэромобильдер 2026 жылы жеткізіледі

Келесі жылы Alatau City аумағында ұшатын такси іске қосылуы мүмкін. Көлік министрлігі шетелдік компаниялармен бірлесіп елімізде аэротакси қызметін дамытуды көздеп отыр. Бұл туралы көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың Azattyq Rýhy ресми сауалына берген жауабында айтылған.
«Биыл сәуір айында қазақстандық жекеменшік компания мен шетелдік компаниялар арасында жұмыс кездесуі өтті. Оның қорытындысы бойынша Alatau City аумағында аэротакси инновациялық жүйесін енгізуге бағытталған Urban Air Mobility бірлескен жобасын іске асыру перспективалары талқыланды», - делінген жауапта.
Министрлік жаңа жоба арқылы өңірде туризмді дамытып, көлік байланысын жақсартпақ. Жобаны жүзеге асыруға барлық мүдделі мемлекеттік орган мен ұйымдар атсалысады. Алатау қаласы аумағында ұшатын аэротаксилер Қазақстанға 2026 жылы әкелінеді деп жоспарланып отыр.
«Сондай-ақ кездесуде тік ұшып-қона алатын әуе кемелерін шетелдік компаниядан 2026 жылы алу, оларды Қазақстанның климатында сынақтан өткізу және техникалық параметрлерін тіркеу мәселесі де талқыланды», - дейді вице-министр.
Одан кейін қазақстандық, кореялық және америкалық компаниялармен Стратегиялық серіктестік туралы меморандумға қол қою жоспарланып отыр.
Естеріңізге салайық, биыл ақпан айында Қазақстанда қала арасында ұшатын аэротакси пайда болатыны хабарланды. Сол кездегі көлік министрі Марат Қарабаев аэромобиль жолаушыларды Алматы әуежайынан Алатау қаласына дейін тасымалдайтынын мәлімдеген.