Қазақстандағы шұрық-тесік жолдардың басты себебі белгілі болды
Сапасыз асфальт шығаратын зауыттар жабылуы мүмкін

Қазақстандағы жамау-жамау, ойдым-ойдым жолдар – жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселе. Халықтың жиі шағымына, мемлекеттен жыл сайын бөлінетін миллиардтаған ақшаға қарамастан, осы саладағы түйткілдер шешілмей тұр. Жалпы жаңа төселген жолдың берік, ұзақ жылға шыдас беруі оны салу кезінде пайдаланатын материалдардың сапасына тікелей байланысты. Ал елімізде асфальт-бетон қоспасын дайындайтын 431 зауыттың небәрі 162-сі нормативтік талаптарға сай болып шықты. Яғни 37,5 пайызы ғана сапалы өнім шығарады. Қалған зауыттардың сертификаты жоқ, құрал-жабдығы жарамсыз, өндірістік зертханалары ашылмаған. Көлік министрлігі нашар асфальт өндіріп, шұрық-тесік жолдардың көбеюіне себепші болып отырған кәсіпорындарға ескерту жасаудан әрі аса алмай отыр. АБЗ-ларға жүргізілген жаппай тексеріс пен оларға қолданылатын заңнамалық шаралар туралы Azattyq Rýhy материалынан оқыңыз.
2024 жыл: әкімдіктерге сапасыз асфальтты сатып алмау туралы ескерту жасалған
Асфальт-бетон зауыттары (АБЗ) – автомобиль жолдарының сапасына тікелей әсер ететін фактор. 2024 жылдан бастап Көлік министрлігі барлық зауытқа құрылыс маусымы басталғанша жаппай тексеріс жүргізуді қолға алған. Дәлірек айтқанда, Жол активтері сапасының ұлттық орталығы, ҚазжолҒЗИ мен ҚазАвтоЖол қызметкерлерінен комиссия құрылып, өңірлердегі республикалық және жергілікті жолдарға асфальт-бетон қоспасын жеткізетін АБЗ-лардың жай-күйі, нормативке сәйкестігі мен құжаттарының дұрыстығы тексерілді.
«2024 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі бүкіл 404 асфальт-бетон зауыты тексеріліп, қолданысқа жарамды деп 109 зауыт ұсынылды. Қалған зауыттарға сәйкестендіру жұмыстарын жүргізу үшін ұсыныстар берілді. Барлық тексерістің нәтижесі «ҚазжолҒЗИ» АҚ-ның «RCMBase» біріңғай базасына енгізіліп, жергілікті атқарушы органдарға талапқа сай келмейтін зауыттардан асфальт-бетон қоспасын алуды тоқтату бойынша хат жолданды. Ал барлық талапты орындап отырған АБЗ-ға министрдің атынан алғыс хаттар табысталған болатын», - деп жауап берді Көлік министрлігі Azattyq Rýhy ресми сауалына.
Ведомствоның ақпаратынша, 2024 жылы нормативтік талаптарға сай келмейтін материалдар 16 пайызға төмендеген, яғни 2023 жылы тексеріске алынған 40 мың материалдың 14,8 мыңы сапасыз болса, былтыр 47 мың материалдың 9,2 мыңы ғана сынақтан өтпеді.
2025 жыл: зауыттар сапаға мән бере бастады
Көлік министрлігі былтыр бастаған тексерісті биыл да жалғастырған. Осы аралықта еліміздегі асфальт-бетон зауыттарының саны 431-ге жетіп, алдыңғы жылға қарағанда 6%-ға өскен.
«Комиссия мүшелері осы жылдың наурызынан мамыр айының соңына дейін барлық АБЗ-ны тексеріп, оның 162-сі қолданыстағы нормативтік талаптарға толық сай екенін анықтады. Тағы 127 зауыт тексерістен кейін берілген ескертпелер мен ұсыныстарды ескеріп, талаптарға сәйкестендіру жұмыстарын жүргізді. Осылайша 2024 жылға қарағанда талапқа сай зауыттардың саны 10 пайызға артып отыр», - дейді ведомстводағылар.
Анықталғандай, талапқа сай емес зауыттардың құрал-жабдықтары (дозаторлар, термометрлер) мерзімді калибрлеуден өтпеген, өнімге сәйкестік сертификаттары, автоматтандырылған мөлшерлеу жүйелері жоқ, ескі әрі жарамсыз жабдықтарды қолданған, өндірістік зертханалары болмаған.
«Мұның бәрі асфальт-бетон қоспасының сапалы шығуына тікелей әсер етеді», - делінген жауапта.
Нашар асфальт өндіретін зауыттардың жұмысы тоқтатылады
Көлік министрлігінің қолданыстағы талаптарды бұзып отырған асфальт-бетон зауыттарына қатаң шара қолдануға қолы байлаулы. Өйткені құқықтық негіз жеткіліксіз. Осыған байланысты ведомство сапасыз өнім шығаратын зауыттардан қоспа алуды шектейтін және олардың жұмысын уақытша тоқтата тұратын түзетулер әзірлеп жатыр.
«Жоғарыда баяндалған жұмыстар нормативтік-техникалық құжаттармен ғана айқындалғандықтан, сәйкессіздік үшін ешқандай шара қолдану мүмкін емес. Бүгінгі күні министрлік талапқа сәйкес келмейтін АБЗ-лардан қоспа алуды шектейтін және олар талаптарға толық сай болмайынша зауытты тоқтатуды қамтамасыз ететін заң жобасын дайындап жатыр», - деп атап өтті министрлік.
Бұл ретте, Кәсіпкерлік кодекске сәйкес кәсіпкерлердің қызметін шектемей шара қолдану жолдары пысықталып жатыр.
Көлік министрлігі аттестаттау жұмыстары жыл сайын жалғасатынын айтты. Негізгі мақсат – жол-құрылыс материалдарының сапасын арттыру, зауыттардағы өндірістік тәртіп пен жауапкершілікті күшейту және автожолдардың жай-күйі мен беріктігін жақсарту. Ал асфальт-бетон зауыттарын тексеру – жолдардың сапасыз салынуына жол бермеудің басты факторы дейді олар.