Бөгеттерге көпфакторлы зерттеу жүргізу қағидаларын түбегейлі қайта қарау қажет – Сатыбалдин
Қазір елімізде әртүрлі типтегі 1500-ден астам бөгет бар

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерболат Сатыбалдин су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке жолдаған депутаттық сауалында бөгеттерге көпфакторлы зерттеу жұмыстарын кезең-кезеңімен жүргізу мәселесін қарастыруды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бөгеттердің қауіпсіздігі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстан халқына жолдауында «Гидрология бекеттерін жөндеп, жаңғырту қажет. Суды барынша үнемдеу жұмысын ұйымдастыру керек. Бұл – ең алдымен, ауыл шаруашылығына қатысты мәселе, яғни су үнемдеу технологиясын, әсіресе, ауыл шаруашылығында кеңінен қолдану қажет» деп мәлімдеген. Осыған орай Ерболат Сатыбалдин жуырда Парламент қабылдаған Су кодексінің ережелерін іс жүзінде іске асыру туралы депутаттық сауал жолдады.
«Өзіңізге мәлім, былтырғы ірі су тасқынынан кейін жаңа Су кодексінде бөгеттердің қауіпсіздігіне айрықша мән берілді. Атап айтқанда, төтенше жағдай туындауына қауіп төндіретін бөгеттердің иелеріне (меншік иелеріне) өз құрылымының қауіпсіздігін декларациялау міндеті жүктелді. Мұндай декларация көпфакторлы зерттеу нәтижелеріне негізделуге тиіс. Көпфакторлы зерттеудің мазмұны, тәртібі және нақты түрлері кодекске сәйкес заңға тәуелді актілермен белгіленеді. Заң бойынша, көпфакторлы зерттеу бөгет иесінің есебінен жүргізілуі тиіс болғандықтан, зерттеулердің құны маңызды мәселе болып отыр. Көптеген бөгет иелері үшін, соның ішінде мемлекеттік бюджетке қарайтын (Қазсушардың қарауындағы) бөгеттерге де «Гидротехникалық құрылыстар мен негізгі жабдықтарды көпфакторлы зерттеу қағидалары» аясында толыққанды зерттеу жүргізу қаржылық тұрғыдан қиындық тудыруы мүмкін», - дейді Сатыбалдин.
Қағидаларда геофизикалық және геотехникалық зерттеулер қамтылмаған
Оның айтуынша, бұл Қағидалар барлық бөгетке — жер, бетон — бірдей қолданылатын, құрылымдық ерекшеліктері мен класын ескермей жазылған. Бұған қоса, қолданыстағы Қағидалар жер бөгеттері үшін аса маңызды геофизикалық және геотехникалық зерттеулерді іс жүзінде қамтымайды. Олар, негізінен, бетон мен арматураның қартаюын аспаптық тәсілмен зерттеуге бағытталған, ал бұл жер бөгеттеріне қатысты емес. Өз кезегінде, мұндай зерттеулер — қымбат әрі күрделі жұмыстар.
«Сонымен қатар, елімізде мұндай зерттеулерді жүргізу үшін қажетті техникалық базасы мен тәжірибесі бар немесе сараптамалық қорытынды бере алатын ұйымдар саны аз. Осыған байланысты, көпфакторлы зерттеу процесі бірнеше жылдарға созылып кетуі мүмкін. Осы жайттарды ескере отырып, Қазақстанда әртүрлі типтегі 1500-ден астам бөгет бар екенін және олардың 90 пайызына көпфакторлы зерттеу ешқашан жүргізілмегенін назарға алып, жоғарыда аталған Қағидаларды түбегейлі қайта қарау орынды деп санаймын. Атап айтқанда, Қағидаларда зерттеу жұмыстарын кезең-кезеңімен жүргізу қарастырылуы қажет. Бұл халықты бөгет апаттарынан уақытылы қорғауға мүмкіндік береді», - деп санайды мәжілісмен.
Сатыбалдин бірінші кезеңде, әсіресе жер бөгеттеріне қатысты, инженерлік геофизикалық әдістермен зерттеу жүргізуді ұсынды. Айтуынша, бұл салыстырмалы түрде арзан әрі жедел түрде бөгет денесіндегі суға қаныққан, әлсіреген аймақтар мен жер қыртысындағы өзгерістер туралы деректер алуға мүмкіндік береді.
«Осы геофизикалық деректер негізінде екінші кезеңде қажет болған жағдайда геотехникалық және өзге де зерттеу әдістерін қолдану туралы шешім қабылдануы мүмкін. Мұндай тәсілді ұсынуға елімізде геофизикалық жұмыстарды, соның ішінде бөгеттерді зерттеу бойынша тәжірибесі бар ұйымдардың болуы негіз болады», - деп түйіндеді сөзін депутат.