$ 526.5  611.64  6.72
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Егіннің 10 пайызы жарамай қалды - депутат Түркістандағы қиын жағдайды қозғады

Ұласбек Сәдібековтің айтуынша, Түркістан облысының диқандары биыл ерекше қуаңшылықтың салдарынан ауыр жағдайға тап болған

Егіннің 10 пайызы жарамай қалды - депутат Түркістандағы қиын жағдайды қозғады
Фото: Freepik

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков премьер-министр Олжас Бектеновке Түркістан облысындағы ауыл шаруашылығы мен экологиялық мәселелерге қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шаруалардың және аймақ тұрғындарының қазіргі жағдайы, әсіресе қуаңшылықтың әсері мен зиянкестермен күрес бойынша өзекті мәселелерді шешу үшін нақты шаралар қабылдауды талап етеді.

Депутаттың айтуынша, Түркістан облысының диқандары биыл ерекше қуаңшылықтың салдарынан ауыр жағдайға тап болған. Бұл аймақта жайылымдардың қурап, мал азығының тапшылығы мен егін алқаптарының күйіп кетуі байқалуда. Қуаңшылықтың салдарынан шаруалар дәнді және майлы дақылдардан жоспарланған өнімін ала алмауы мүмкін. Әсіресе, бүгінде егілген 389,3 мың гектар алқаптың 10%-ы жарамсыз күйге түскен, ал ауа райының қолайсыздығы алдағы уақытта да сақталуы ықтимал.

Сәдібеков атап өткендей, бұл жағдай ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына кері әсерін тигізіп отыр. Сонымен қатар, аудан аумағында өзен-бөгеттер деңгейінің төмендеуі, мал басының азаюы да айтарлықтай алаңдаушылық тудырған.

Қуаңшылықтың салдарынан Түркістан облысының шаруалары мен ауыл тұрғындары күн сайын тасаттық жасап, жаратушыдан жаңбыр сұрауда. Бұл қиындықтармен бірге, Арыс қаласы мен Сарыағаш, Келес, Шардара, Отырар аудандарының тұрғындары жыл сайын шегіртке мен шіркейдің шабуылынан зардап шегіп отыр. Шаруа қожалықтары егістік алқаптарын қорғау үшін күрес жүргізіп, зиянкестерден сақтануды қажет етеді. Ал, шіркейлердің таралуы әсіресе Отырар ауданындағы ауыл тұрғындары үшін ерекше қиындықтар туғызып отыр.

Бұған қоса, Отырар ауданында орналасқан Арыстан баб кесенесіне келуші туристердің де зиянкестерден зардап шеккені анықталған. Бұл жағдай туристік ағымға кері әсер етіп, мәдени мұраның сақталуына да қауіп төндіруде.

Ұласбек Сәдібеков өз депутаттық сауалында Түркістан облысындағы жағдайды жақсарту үшін бірнеше ұсыныс жасады:

  1. Қуаңшылықтан зардап шеккен аудандарда төтенше жағдай режимін жариялау мүмкіндігін қарастыру және арнайы өңірлік бағдарлама қабылдау. Бұл бағдарлама ғылыми негізделген агроэкологиялық шешімдермен ауыл шаруашылығын қалпына келтіруге бағытталуы тиіс.
  2. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы көктемгі дала жұмыстарына берілген несие қаражаттары мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 2023 жылдан бері лизингке алынған техникалар бойынша несиелердің қайтару мерзімін 1 жылға шегеру. Сонымен қатар, жергілікті несие серіктестіктеріне қойылатын талаптарды оңтайландыру, сондай-ақ, жабылған несие желісін қайта ашу қажет екенін атап өтті.
  3. Жаңбырлатып суару жүйесіне берілетін субсидия көлемін арттыру мәселесі көтерілді. Қазіргі таңда субсидия 80 пайызға дейін өскен, алайда оның 30 пайызын жергілікті бюджет қаржыландыруы тиіс, ал бұл облыстың мүмкіндіктеріне сәйкес келмейді.
  4. Зиянкестермен күрес бойынша кешенді өңірлік бағдарлама әзірлеу, шегіртке мен шіркейге қарсы арнайы өңірлік жоспар қабылдау. Түркістан облысының табиғи-климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, осы мәселеге баса назар аудару қажет.
  5. Аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы күрес шараларын республикалық бюджеттен 100% қаржыландыруды қамтамасыз ету және Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің құзыретін өңір әкімдіктеріне беру. Бұл шаралар жергілікті әкімдіктердің тиімді әрекет етуіне мүмкіндік береді.

Депутат Ұласбек Сәдібеков Түркістан облысындағы қиын жағдайдың тек жергілікті деңгейде шешілуі мүмкін емес екенін мәлімдеп, республикалық қолдау көрсету қажеттігін баса айтты. Оның пікірінше, бұл мәселе тек бір өңірдің ғана емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Депутат халықтың үніне құлақ асып, нақты әрі жедел әрекеттер қабылданатынына сенім білдірді.

Серіктес жаңалықтары