Енді медициналық ұйымдар МӘМС қорынан алған ақшаның есебін береді
Ақпарат ресми түрде жарияланады

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен медициналық ұйымдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін ресми сайттарда міндетті түрде МӘМС жүйесіндегі қаражаттың жұмсалуы туралы ақпарат жарияланады. Парламент Мәжілісінің депутаттары «Кейбір заңнамалық актілерге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасына осындай түзету енгізіп, екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің айтуынша, енді қазақстандықтар МӘМС қорына аударып жатқан жарналарының қайда жұмсалғанын ашық көре алады.
«МӘМС жүйесі өте жабық жүйе болатын. Халық қордың қаржылық жағдайын, әрбір медициналық ұйымның қанша қаражаты бар, қанша миллиардтаған ақшаны қолға алған, қанша медициналық қызмет атқарғанын ешкім білмейтін. Біз Мұрат Әбеновпен (Мәжіліс депутаты – ескерт.) бірге енгізген ұсыныс бойынша енді кез келген медициналық ұйым қордың талабымен бүкіл қаржылық құжаттамасын көрсетуге және жариялауға тиіс. Ақпарат уәкілетті органның интернет ресурсында жарияланады. Қордан қанша ақша алды, қаншасын игерді, қаншасы қалды деген сияқты. Егер де сол ақшаға медициналық қызмет атқарылмаса, ол қаражатты қайтадан қорға қайтаруға тиіс», - деп түсіндірді Базарбек Мәжіліс кулуарында.
Сонымен қатар, МӘМС қорына жарнаны үзбей төлеп келген азаматтар жарна төлеуді тоқтатқан жағдайда, олар үшін медициналық көмек алу құқығы алты айға дейін сақталады.
Бұдан бөлек, осы заң аясында медициналық көмектің бірыңғай пакеті құрылады. Дәлірек айтқанда, Денсаулық сақтау министрлігіне тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында медициналық көмек көрсетілетін аурулардың тізбесін (жедел, шұғыл, паллиативтік көмек, жұқпалы және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу) айқындау өкілеттігі беріледі.
Сондай-ақ алғашқы медициналық-санитарлық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі пакетінен міндетті медициналық сақтандыру пакетіне ауыстырылады. Бұл ретте депутаттардың бастамасымен алғашқы медициналық-санитарлық көмектің кейбір түрі (медициналық көмекке алғашқы сұраныс, әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу, диагностикалау және емдеу қызметтері) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген пакетінде қалып отыр.