Алматыға ауыр хәлде келген алты жасар бала әуежай мен әуе компаниясының кесірінен қаза тапты
Сот оның ата-анасына моральдық шығын ретінде 5 млн теңге өндіру туралы шешім қабылдады

Алматы қаласының Түрксіб аудандық соты Алматы халықаралық әуежайы мен «Э» әуекомпаниясына қатысты азаматтық істі қарап, адам шошырлық фактілерді жария етті, деп жазады Azattyq Rýhy.
Істің мән-жайына тоқталсақ, 2019 жылы туған бала «Э» әуекомпаниясының ұшағымен Алматыға келіп қонған. Бала коматозды жағдайда болған, яғни, ес-түссіз жатқан.
«Баланың ата-анасы алдын ала келісіп реаниматолог-дәрігері бар реанимобиль көлігін дайындаған. Көліктің ішінде баланың әкесі де болған. Бірақ, «Э» әуе тасымалдаушысы баланың қандай жағдайда екенін біле тұра, әрі тасымалдау шартының барына қарамастан, Халықаралық әуежайға реанимобиль көлігін кіргізу керек деген ақпарат бермеген», - деп хабарлайды сот.
Есесіне, әуежай қызметкерлері ес-түссіз жатқан балаға мүмкіндігі шектеулі адамдардың арбасын ұсынған.
«Нейрохирургтың қорытындысына сәйкес, бала қозғала алмайтын қалыпта және жатқан күйде болған, сондықтан баланың арнайымедициналық пункт тексеруі керек еді», - деп жазады сот.
Бірақ, соттың ақпаратына сүйенсек, әуе компаниясы мен әуежай қызметтері баланы мазақ еткендей, төлқұжат тексеретін аумақта қатты тексерген.
«Шекара эәне кедендік бақылау арасында тиісті үйлестірудің болмауынан баланың денсаулығына кері әсер еткен. Атап айтқанда, шекаралық бақылаудан өту кезінде қызметкерлер баланы суретке түсіру үшін оның кератитпен ауыратынын ескермей, оның көзіндегі таңғышты күшпен шешкен. Соның салдарынан бала келесі күні екіжақты пневмоторакспен ауруханаға түсіп, ақпан айында көз жұмған», - деп хабарлайды сот.
Осы мән-жайларды ескере отырып сот талап қойған әйелдің арызын ішінара қанағаттандырған және «Э» әуе компаниясынан моральдық шығын ретінде 5 млн. теңге өндіру туралы шешім қабылдаған.