Абай облысындағы колледж студенттерінің арасында ауқымды жарыс басталды
Чемпионатқа 29 колледждің екі жүзден астам студенті қатысып жатыр

Абай облысында үшінші «WorldSkills Abai – 2025» чемпионаты басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстың білім басқармасына сілтеме жасай отырып.
Дереккөзге сүйенсек, чемпионаттың негізгі мақсаты – жұмысшы мамандықтардың беделін арттырып, жастарды кәсіптік білім алуға ынталандыру және халықаралық талаптарға сай мамандар даярлау.
«Биыл чемпионатқа өңірдің 29 колледжінен 215-тен астам студент қатысып, 55 құзыреттілік бойынша өзара бақ сынайды. Олардың кәсіби шеберлігін 300-ден астам білікті сарапшы бағалайды. Тәжірибелік кезең 13–16 мамыр аралығында 10 колледж базасының заманауи өндірістік алаңдарында өтеді», - деп хабарлайды білім басқармасы.
Студенттер ақпараттық технологиялар мен робототехника, құрылыс және жөндеу, қоғамдық тамақтану мен сервис, инженерлік және көлік қызметтері, педагогика, шығармашылық және денсаулық сақтау, қаржы, бизнес және дизайн бағыттары бойынша жарысады.
Чемпионаттың ашылу салтанатында Абай облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Түленов студенттерді құттықтап, чемпионаттың маңыздылығына тоқталды.
«WorldSkills чемпионаты – қазір әлем бойынша беделді және сұранысқа ие дода. Бұл жастардың кәсіби бағыттағы қабілеттерін шыңдап, халықаралық стандарттарға сай маман болып қалыптасуына ықпал ететін тиімді алаң. Облысымыз екі жыл қатарынан республикалық чемпионаттың жеңімпазы атанып келеді. Біз бұл нәтижені сақтап қалуға және одан әрі жетілдіруге ұмтылуымыз қажет. Чемпионатқа қатысушы жастарға сәттілік, білім беру ұйымдарының намысын абыроймен қорғауды тілеймін», – деді ол.
Чемпионат 20 мамыр күні аяқталады. Айта кетейік, WorldSkills Abai – 2025 чемпионатының қорытындысы бойынша республикалық кезеңде Абай облысының атынан өнер көрсететін үзік жаңа құрам жасақталады.