Қазақстанда әлеуметтік азық-түлікке заңсыз үстеме қосқан саудагерлер 24 млн теңге айыппұл арқалады
1585 әкімшілік қаулы қабылданған

ҚР Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) бағаның өсуіне жол бермеу және негізсіз сауда үстемелерін болдырмау мақсатында мемлекеттік бақылау мен өңірлік комиссиялармен тығыз өзара іс-қимыл жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2025 жылдың басынан бері министрліктің аумақтық департаменттері тарапынан 1585 әкімшілік қаулы қабылданды. Оның ішінде:
- 396 қаулы бойынша жалпы сомасы 24 млн теңгеден астам айыппұл салынған;
- 1189 жағдайда ескерту жасалған.
Бұл шаралар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 204-4-бабына сәйкес жүргізілді (15%-дан жоғары сауда үстемесі үшін).
Картоп – әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарларының бірі. Сауда үстемесін заңсыз асырғаны үшін:
- 505 әкімшілік қаулы шығарылды;
- Оның ішінде 41 жағдайға айыппұл салынды (2,6 млн теңгеден астам);
- 464 жағдайда ескерту берілді.
Бұл шаралар нарықты әділ бәсекелестікке және тұтынушы мүддесін қорғауға бағытталған. Сауда және интеграция министрлігі сауда саласындағы заңнаманың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған бақылау және тергеу шараларын жүйелі түрде жалғастыратынын мәлімдеді.