«Тіршілікке оралар сәт таяп қалды»: оқ тиген Руслан Берденов ауруханадан шыққалы жатыр
Ол ақ халатты жандарға алғысын жеткізді

Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов ауруханадан шығып, жұмысқа оралатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Құрметті шымкенттіктер, қадірлі Қазақстан халқы. Менің басыма түскен ауыр жағдайдан көпшілігіңіз хабардарсыздар деп білемін. Бұл оқыс оқиға маған да, менің отбасым мен жақындарыма да ауыр тигені анық. Мұны сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Алайда, сынаққа толы болған осы уақыт аралығында көп адамның, әріптестерімнің, тамыр-таныстарымның жанашырлығын, қолдауын, тілектестігін сезіндім. Телефоныма түскен қоңыраулар, хабарламалар, әлеуметтік желідегі тілеулес жазбалар көңіліме демеу болғанын, күш-қуат бергенін, сергіткенін айтқым келеді», - деді Руслан Берденов.
Берденов шамамен 3 апта ауруханада жатыр. Емі аяқтала сала жұмысқа кіріскісі келетінін айтып отыр.
«Міне, 3 аптаға созылған ауруханадағы күндерім аяқталып, өзім де аяқтан тұрып, күнделікті тіршілігіме оралатын сәт таяп қалды. Әлбетте, бірінші Алланың, содан соң дәрігерлеріміздің жіті бақылауының, ем-домының арқасында денсаулығым оңалды, қалпына келді. Осы уақыт ішінде мен еліміздің медицинасы көп ілгерілегеніне, шетелдік клиникалардан еш кем еместігіне көз жеткіздім. Ақ халатты абзал жандарымыздың мейірімі мен кәсібилігі де ризашылығымызға әбден лайық. Баршаңыздың қолдауларыңыз бен жанашырлықтарыңызға шексіз алғысымды айтамын», - деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, 21 сәуір күні сағат 20:30 шамасында Шымкент әкімдігі ғимаратының жанында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қарулы шабуыл жасалған болатын. Шенеунік жамбасы мен иығынан оқ жарақатын алып, ауруханаға жатқызылды. Берденовке төрт сағат бойы ота жасалған.
Полицейлер күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Күдіктінің үстінен «адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.