«Ресейден 5 млрд теңгеге сатып алған су құмға сіңіп жатыр»: депутат министрге неге шүйлікті
Шенеунік бюджеттің ақшасы босқа кетіп жатыр деп санамайды

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров Батыс Қазақстанда көрші елден миллиардтаған ақшаға сатып алынған су құмға сіңіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутат Мәжілістегі үкімет сағатында баяндама жасаған су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке шүйлікті.
«Сіздің есебіңізде Қазақстандағы су мәселесі жағдайы өте жақсы, жаймашуақ. Бірақ өмірде олай емес қой. Қазір Қазақстанның қай аймағы болса да, шығыс, батыс, оңтүстікте су жетпейді. Мысалы, Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданында суды Ресейден сатып алып отыр. Қазсушар жылына 5 млрд теңге беріп, Ресейден су алады. Бірақ сол су келеді де, Жалпақталдан өтіп, әрі қарай құмға сіңіп кетеді. Сонда біз жылына бюджеттің 5 млрд теңгесін құмға сіңіріп отырмыз. Жалпақталда су қоймасын салу жобасы осыдан 10 жыл бұрын басталған, әлі аяқталған жоқ. Осы мәселені сіздер қашан шешесіздер? Біз бюджеттің ақшасын қашанға дейін құмға сіңіріп отырамыз?», - деп ашуланды Сайыров.
Су ресурстары министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, Батыс Қазақстан облысында екі су қоймасы салынады.
«Сіз дұрыс айтасыз, қазір Ресейден су алу үшін келісімшартқа отырамыз, қаражат бөлеміз, береміз. Себебі бүгінгі күні оны шешудің басқа жолы жоқ. Ертең екі су қоймасын саламыз, олардың сыйымдылығы – 50-60 млн текше метр. Ал біз жылына Ресейден сол жерге 350 млн текше метр алып жатырмыз. Сондықтан бұл тетік әрі қарай жалғасын табады деп айтуға болады. Себебі біз сол жердегі елді сумен қамтамасыз етуіміз керек. Су жерге сіңіп кеткенімен, ол Батыс Қазақстан жеріне кетіп жатыр. Ол өзінің сіңген экологиялық әсерін бәрібір береді. Сондықтан қаражатты бекер бөліп, суды босқа бөліп отырмыз деп айта алмаймыз», - дейді Нұржігітов.