«Оксфорд» шапалақ соғуға тыйым салды
Англияның Оксфорд университетінің студенттеріне іс-шара кезінде шапалақ ұруға тыйым салынды. Бұл туралы BBC порталы жазды

Енді жастар қошемет көрсеткісі келсе алақан соқпайды, тек қолдарын көтереді. Мұндай жаңашылдық аутизммен ауыратын және басқа да психологиялық ауытқуларға ұшыраған студенттердің де жиналыстарға қысылмай қатысуы үшін енгізілген. Әйтпесе, аталған дертке шалдыққандар әдетте пікірсайыстардан, жиналыстардан бойларын аулақ ұстауға тырысады. Себебі шапалақ психологиялық дертті одан әрі қоздырады екен.
Сондықтан, студенттер шапалақтың орнына британдық «джаз қолдары» ("jazz hands") қимылын қолданбақ. Оның ерекшелігі - адам қолын жоғары көтереді де әрі-бері қозғалтады. Бастаманы қолдап Оксфорд студенттер одағы қазан айының аяғында дауыс берген.
Фото: "jazz hands"
Университеттің ерекше шешімі БАҚ беттерінде түрлі пікірлер туғызып үлгерді. Мысалы, The Sun басылымы Оксфорд студенттерін «қар ұшқындары» («snowflake» *-ред.) деп атады. Ол саяси мағынада «тым сезімтал» дегенді білдіреді. Ал Эндрю Дойл атты әзілкеш
«Оксфордты құттықтаймын. Жақында дауыстап сөйлесу формасына да тыйым салынатын шығар. Сол кезде толық үнсіздікте өз ойымызды еркін білдіреміз» - деп жазды.
Айтпақшы, 2018 жылдың қыркүйегінде Манчестер университетінің студенттері де шапалақ ұрудан бас тартқан. Ол кезде де интернетте шулы пікірталастар туған.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан