Қазақстанда алдымен қай қалалар 5G-ға қосылатыны белгілі болды
Мәжілісте өтіп жатқан үкімет сағатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Қазақстанға 5G желісі қашан келетінін айтты
Жыл соңына дейін 685 ауыл, ал, 2020 жылға дейін тағы 509 ауыл интернетсіз отыратынына қарамастан, Асқар Жұмағалиев интернеттің әзірге ең жылдам желісі - 5G туралы әңгіме айтты. Министрлік Президенттен тапсырма алған соң, Қазақстанда 5G желісін енгізу жөніндегі Жол картасын бекіткен.
«5G мобильді байланысының тесттік сынағы Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында өтті. 5G технологиясын енгізу үшін тартылатын инвестициялар көлемі үлкен болғандықтан, бұл технологияны алдымен республикалық маңызы бар қалаларда, яғни, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында ұйымдастыру жоспарлануда», - дейді министр Асқар Жұмағалиев.
Жұмағалиевтің сөзіне сенсек, Нұр-Сұлтан халқы түгелдей 5G-ға қосыла қоймайды. Жоғары жылдамдықтағы интернет алдымен тек таңдаулы нысандарға тартылады.
«2021 жылдың аяғына дейін Нұр-Сұлтан қаласында Назарбаев университеті мен ЭКСПО қалашығы, ал 2022 жылы аэропорт пен вокзалдар, сауда орындары мен алаңдар 5G технологиясына тартылады. Одан әрі 2023 жылдан бастап барлық облыс орталықтары», - дейді Асқар Жұмағалиев.
Бұл ретте, министрліктің баспасөз қызметі 5G желісін қосуға қанша инвестиция тартылғанын айта алмады. Инвестиция жеке компаниялардың қаржысы екені белгілі.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан