Ауыл балалары Грекияда өткен халықаралық байқауда жүлдегер атанды
Байқауға елуден астам елдің оқушылары қатысқан

Грекияда өткен халықаралық STEM байқауында Қазақстаннан барған ауыл оқушылары үшінші орын иеленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Грекияның Софикон қаласында өткен FIRST LEGO League Challenge халықаралық чемпионатында Түркістан облысының Қазығұрт ауданынан барған ауыл оқушыларының құрама командасы екі бірдей номинация бойынша қола медаль алған.
STEM бағыты бойынша өткен турнирге АҚШ, Бразилия, Жапония, Австралия, Германия сияқты 50-ден астам елдің оқушылары қатысқан.
«Нәтижесінде Қазығұрт ауданының командасы Robot Design Award және Alliance Cup санаттары бойынша 3-орынға ие болды. Команда құрамында: Сайлау Нұрасыл, Нұралы Даянхан, Ділдәбек Аружан, Камал Асылжан, Ақжол Нұрасыл, Асқарова Несібелі, Давронбек Гүлмира, Тайбек Балым, Елтай Өміржан бар», - деп мәлімдеді Оқу-ағарту министрлігі.
Командаға информатика пәнінің мұғалімдері Оразхан Бексұлтан, Устенов Нұрсұлтан, Тастан Ербол, Шералы Әлібек жетекшілік еткен.