$ 510.58  571.8  6.34
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.04.2025, 17:00
Қоғам

Қазақстандағы құрылыс компаниялары салынып бітпеген үйлерін жарнамалай алмайтын болды

Рұқсаты не бірыңғай оператордың кепілдігі жоқ тұрғын үйдегі пәтерлерге ипотека да берілмейді

Қазақстандағы құрылыс компаниялары салынып бітпеген үйлерін жарнамалай алмайтын болды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Парламент Мәжілісі «Кейбір заңнамалық актілерге құрылыс саласын жетілдіру және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  заңды екінші оқылымда қабылдап, Сенатқа жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Әбдиев заң жобасындағы басты нормаларға тоқталды.

«Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнаманы айналып өту мүмкіндігін болдырмау үшін алдын ала шарттар, брондау, инвестициялау шарттарын жасасуға тыйым салу ұсынылады. Сонымен қатар салынып жатқан тұрғын үйлерді жарнамалауға тыйым салу бойынша түзетулер көзделген. Яғни жергілікті атқарушы орган үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсат бермесе немесе тұрғын үй құрылысы бірыңғай операторының кепілдігі болмаса, ол үйді жарнамалауға болмайды. Үлескерлердің ақшасын тартуға арналған рұқсатсыз салынып жатқан, пайдалануға берілмеген үйден пәтер сатып алуға ипотекалық қарыз беруге тыйым салынады», - деп түсіндірді мәжілісмен.

Бұған қоса салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйден үлестік жолмен пәтер сататын құрылыс компанияларына үлескерлердің төлемін қолма-қол ақшамен алуға тыйым салынады. Ал тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартта үлескерлердің ақшасын тартуға арналған рұқсаттың нөмірі мен берілген күні көрсетілуге міндетті.

Әбдиевтің айтуынша, үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат алмастан үлескерлерден қаражат тартқаны үшін және дайын емес пәтерлерді жарнамалағаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілген.

Сондай-ақ «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңның қолданылу аясына аз қабатты құрылысты қосу көзделіп отыр.

Серіктес жаңалықтары