$ 510.59  578.91  6.37
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.04.2025, 17:47
Қоғам

Мәжіліс көпқабатты үйлердің тұрғындарына қатысты маңызды заңды қабылдады

Басқару субъектілері әр үйге бөлек шот ашуға міндеттеледі

Мәжіліс көпқабатты үйлердің тұрғындарына қатысты маңызды заңды қабылдады
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстанда көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың екі түрі енгізіледі – мүлік иелерін біріктіру және тікелей бірлескен басқару. Бүгін Парламент Мәжілісі тиісті заң мен оған ілеспе заңдарды екінші оқылымда қабылдап, Сенат депутаттарының қарауына жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Заң жобалары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру мақсатында Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляеваның айтуынша, заң жобасы екі негізгі мәселені шешеді.

«Біріншісі – реформа жүргізілген алты жыл ішінде институт ретінде жойылмаған пәтер иелері кооперативтері қызметінің ашықтығына қойылатын талаптарды енгізу. Екіншісі – тұрғындардың кондоминиумды басқару нысандары мен шарттарын таңдауы үшін барынша еркін құқықтық орта құру.  Ол үшін заң жобасында кондоминиумды басқарудың екі түрі енгізілген: мүлік иелерін біріктіру және тікелей бірлескен басқару.  Қарапайым серіктестіктер өз жұмысын басқарудың екінші түрі ретінде жалғастырады. Ал басқару субъектілерінің екі түрі қолданылады: басқарушы компания және пәтер иелерінің кооперативі», - деп мәлімдеді Смышляева Мәжілістің жалпы отырысында.  

Оның айтуынша, басқару субъектілері үшін жаңа міндеттер енгізіледі:

  • тұрғындарға цифрлық дауыс беруге және есеп алуға мүмкіндік береді;
  • әр үйге бөлек шот ашады;
  • тұрғын үй инспекциясына қызмет басталғаны және қызмет көрсетуге алынған үйлер туралы хабарлайды;
  • штатта кәсіби менеджерлер болу қажет.

Сонымен қатар пәтер иелері кооперативтерінің басқару субъектісі ретіндегі қызметіне де жаңа талаптар қойылады.

Мүлік иелерінің бірлестіктері үшін:

  • бірлестік төрағасының өкілеттігі бір жылдан үш жылға дейін ұлғаяды;
  • бірлестікке үй басқару қызметін өз еркімен жүргізуге құқық беріледі;
  • төраға еңбек шарты бойынша кәсіби басқарушыны жалдап, оған бірқатар өкілеттік бере алады.

Бұған қоса заңда құрылыс салушыларды бірінші пәтерді сатқаннан кейін кондоминиумды тіркеуге міндеттеу көзделген.

Осы талаптарды орындамаған басқарушы ұйымдар әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл арқалайды:

  • шоттарды ашу мерзімдерін бұзғаны үшін – 50 АЕК;
  • ай сайынғы және жылдық есепті ұсыну мерзімін бұзу – 50 АЕК;
  • құрылыс салушының үй құжаттамасын ұсынбауы – 100-ден 200 АЕК дейін;
  • басқару субъектісінің үй құжаттарын бермеуі – 50-ден 100 АЕК дейінгі айыппұл.

Смышляева депутаттар ұсынған әр өзгеріс көппәтерлі үй тұрғындарының құқығын қорғауға бағытталғанын атап өтті.

Серіктес жаңалықтары