Олардың көбі Алматыға келген - 301 босқын Қазақстаннан пана тапты
Тағы 265 шетелдік елімізге пана іздеп келген

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстан үш жүзден астам шетелдік босқынға пана болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомствоның ақпаратынша, қазір республикада пана іздеген 265 адам және 301 босқын тұрады. Олардың көбі Алматы қаласы мен Алматы облысында тіркелген.
«Республика аумағында заңды түрде пана алған барлық шетелдік Қазақстанның босқындарға қатысты халықаралық қоғамдастық алдындағы міндеттемелеріне сәйкес мемлекет тарапынан қорғалады. Елімізге пана іздеп келгендерге және босқындарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында медициналық көмек және атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Сонымен бірге босқындар мен пана іздеушілер еңбек бостандығы мен кәсіпкерлік қызметпен айналысуға да құқылы. Олардың еліміздегі басқа шетелдіктерден айырмашылығы – олардан жұмыс үшін жергілікті атқарушы органның рұқсатын алу талап етілмейді», - деп түсіндірді министрлік.
Бұған қоса босқындардың балалары да балабақша мен мектепте тегін білім алуға, конкурстық негізде жоғары оқу орнына түсуге құқылы. Сонымен қатар босқындар Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға және тұрақтап қалуға өтініш бере алады. Құжат тапсыру кезінде олардан шыққан елінде сотталмағаны туралы анықтама әкелу талап етілмейді.
Айта кетері, Қазақстан БҰҰ-ның 1951 жылғы «Босқындар мәртебесі туралы» конвенциясына ресми түрде 1998 жылғы 15 желтоқсанда қосылған.
Естеріңізге салайық, жақында «НеМолчи» қорының басшысы Дина Таңсәрі Черногориядан пана сұрағаны туралы жазған едік.