$ 546.36  630.44  6.7
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Астананың автотұрақтарына төленетін қаражат енді қала бюджетіне түсетін болады

Енді автотұрақтар жекеменшіктен коммуналдық меншікке өтеді 

Астананың автотұрақтарына төленетін қаражат енді қала бюджетіне түсетін болады
Фото: Azattyq Rýhy

Астана қаласы әкімдігі «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС-мен арадағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын бұзуды қарастырып жатыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy ақпарат агенттігінің ресми сауалына жауап берген Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары Тұрсынғали Жәкенов мәлімдеді.

«2024 жылғы желтоқсан айынан бастап «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС компаниясымен жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын бұзу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл ретте ақылы автотұрақтардың үздіксіз жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі. 2025 жылғы 6 ақпанда мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының бұзылу рәсімдеріне қатысты №2 қосымша келісім жасалды», - деді Тұрсынғали Жәкенов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта жобаның толық кешенді бағалау жұмыстары да, «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС-ін қаланың коммуналдық меншігіне өткізу мәселесі де қарастырылып жатыр.

«Қазіргі таңда «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС-ін Астана қаласының коммуналдық меншігіне беру мәселесі қаралу сатысында тұр. Жұмыс аяқталғаннан кейін кәсіпорынды Астана қаласы әкімдігінің коммуналдық меншігіне өткізу жоспарланған. Алайда қазіргі уақытта бұл кәсіпорынды кім басқаратыны әлі анықталған жоқ», – деді ол.

Тұрсынғали Жәкеновтің айтуынша, ақылы автотұрақтардан түсетін қаражат компания коммуналдық меншікке өткеннен кейін жергілікті атқарушы органның бюджетіне аударылады.

«Компания коммуналдық меншікке өткен соң, ақылы автотұрақтардан түсетін барлық қаражат жергілікті бюджетке түседі. Сонымен бірге тұрақ тарифін көтеру жоспарда жоқ», - деп сендірді басқарма басшысының орынбасары.

Бұған дейін тұрақ ақысының 25 пайызы мемлекетке, 75 пайызы жеке компанияға түсіп отырғаны белгілі болған еді.

Серіктес жаңалықтары