$ 518.37  609.97  6.6
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ұлттық кітап күні: қазақ әдебиетінің үздік 100 кітабы қандай болмақ

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Айдос Сарым бұл жобаның ел болашағы үшін маңызына тоқталды

Ұлттық кітап күні: қазақ әдебиетінің үздік 100 кітабы қандай болмақ
Фото: Azattyq Rýhy.

Бүгін Астанада қазақ авторларының шығармаларын ұлықтауға бағытталған маңызды шара – «Үздік 100 кітап» жалпыұлттық сауалнамасын іске қосу рәсімі өтті. Бұл бастама Ұлттық кітап күні аясында алғаш рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сауалнама нәтижесінде оқырмандардың таңдауымен отандық әдебиеттің ең үздік туындылары іріктеліп, Абай күні – 10 тамызда жарияланбақ. Бұл тізім бір жағынан әрбір қазақтың үй кітапханасын қалыптастыруға сеп болса, екінші жағынан – баспа саласына, әдеби сын мен пікірге серпін беріп, жаңа дәстүрдің бастамасына айналуы мүмкін.

Іс-шара аясында ақын-жазушылардың жаңа кітаптарының тұсаукесері, сондай-ақ 12 мемлекеттен 70-ке жуық баспа қатысқан ірі көрме-жәрмеңке өтті.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин елдегі кітап оқу мәдениетін қалыптастырудағы бұл бастаманың маңызын атап өтті.

«Өткен жылы Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында мемлекет басшысы елімізде кітап оқу мәдениетін насихаттау мақсатында арнайы бір күнді Ұлттық кітап күні ретінде белгілеуді ұсынған болатын. Бұл бастама қоғам тарапынан қолдау тауып, биыл біз осы мерекені тұңғыш рет республикалық деңгейде атап өтіп отырмыз. Бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірінде осыған орай түрлі мәдени шаралар, кітап көрмелері мен әдеби кездесулер ұйымдастырылып жатыр. Мұның барлығы – ұлт ретінде рухани серпіліске ұмтылғанымыздың, кітап оқуға деген көзқарастың өзгеріп келе жатқанының көрінісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайда сөйлеген сөзінде:«Озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқу», – деген еді. Шынында да, қазіргі заманның басты үш тірегі – ғылым, білім және мәдениет. Ал осы үшеуінің негізінде кітап жатыр. Бүгінгі шара аясында Ұлттық құрылтай мүшелерінің бастамасымен тағы бір жаңа жоба іске қосылып отыр. Бұл – қазақ авторларының үздік 100 кітабын анықтауға арналған жалпыұлттық сауалнама. Мұндай игі дәстүр көптеген елдерде бар. Мысалы, Ұлыбритания мен Францияда жыл сайын сауалнама арқылы үздік әдеби шығармалардың тізімі жасалады. Біз де осы үлгіге сай, ұлттық мазмұнмен үндесетін жоба бастағалы отырмыз. Сауалнаманың мақсаты – жай ғана тізім жасау емес. Бұл – халықты әдеби талқыға тарту, авторлардың еңбектерін ұжымдық ой елегінен өткізу, оқырман талғамын қалыптастыру. Бір сөзбен айтқанда, бұл – рухани серіктестік алаңы», - деген ол жұртшылықты жалпыұлттық сауалнамаға белсенді қатысуға шақырды.

Сауалнама eGov Mobile қосымшасы арқылы жүргізіледі. Арнайы дайындалған анкета арқылы кез келген азамат 10 сүйікті кітабын ұсына алады. Бұл кітаптар кез келген жанрда болуы мүмкін: тарихи шығармалар, көркем әдебиет, балалар әдебиеті, фантастика, детектив және тағы басқа жанрларды қамтиды. Сауалнама үш ай бойы жалғасады. Сонымен қатар, сауалнамаға қатысушыларды ынталандыру мақсатында жобаның серіктестерінің бірі – «Меломан» кітап дүкендері желісі – арнайы сыйлықтар дайындап отыр. Мәселен, ең жас қатысушыға, отбасымен бірге белсенділік танытқан азаматтарға, немесе ерекше белсенділік танытқан өңірлерге арнайы марапаттар тағайындалады.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Айдос Сарым бұл жобаның ел болашағы үшін маңызына тоқталды.

«Баяғыда Еуропада «Ағарту дәуірі» деген кезең өткен. Сол уақыт туралы ғалымдар: «Бір ұлттың өркениет деңгейін оның оқыған кітаптарымен өлшеуге болады», – деп жазған екен. Біз де дәл сол жолдың басында тұрмыз. Ұлттық мейрам, ұлттық рейтинг, талғамды қалыптастыруға бағытталған әдеби бастамалар – мұның бәрі кітапқа бет бұруымыздың белгісі. Әлемнің көптеген елінде университеттердің де, телеарналардың да өзіне тән «жүз кітабы» бар. Сол сияқты біз де жастарымыздың: «Мен осы жүз кітаптың тоқсанын оқыдым», – деп мақтана алатын жағдайға жетуіміз керек. Кітап іздеу, оқу – заманауи трендке айналуы тиіс. Бүгінгі сауалнама – сол үрдістің бастауы. Бізге тек рейтинг жасап қою емес, соның айналасында әдеби конкурстар, пікірсайыстар, жаңа авторлармен кездесулер өткізу қажет. Мысалы, жақсы дамыған елдерде жүздеген әдеби байқау бар. Біз де сондай жүйелі орта қалыптастыруымыз керек. Кітап дүкендерінде жастардың отырып, шын ықыласпен оқып отырғанын көріп жүрміз. Кітапханаларға да халық қайта оралуда. Бұл – бүгінгі Ұлттық кітап күнінің нақты көрінісі. Баянды болсын! Ел болашағы – кітап сүйетін қоғамда!», - деді депутат.

Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов бүгінгі шараны - ұлттық рухты көтеретін ерекше мереке деп атап өтті.

«Кітап дегеніміз – бала күнімізден бойымызға сіңген рухани күш. Қазір жастар кітап оқиды, тіпті жазушылар да көбейіп жатыр. Мысалы, Алматыда өткен жас жазушылар конкурсына 170 адам қатысып, 12-сі үздік шықты. Бұл – әдебиетіміздің болашағы бар деген сөз. Елімізде жылына 20 жас автордың туындысы басылып шығуда. Бұл да мемлекеттің әдебиетке деген жанашырлығының көрінісі», - деді ол.

Жазушы үздік 100 кітап тізімі жазушылар арасында әдеби бәсеке туғызып, ауыл кітапханаларына да серпін беретініне сенім білдірді. «Фолиант» баспасының PR менеджері Яхуда Аружан көрме-жәрмеңкедегі кітаптар туралы мәлімет беріп, балалар әдебиетінің өсу тенденциясына тоқталды.

«Біздің баспада барлық жасқа арналған кітаптар бар. Балаларға арналған интерактивті, QR-коды бар кітаптар да үлкен сұраныста. Мәселен, жазушы, ақын Баянғали Әлімжановтың «400 сәтті тақпақ» кітабы үшінші жыл қатарынан бестселлер болып отыр. Ата-аналар балаларын кітапқа жақын етіп тәрбиелеуде өте белсенді, әсіресе қалада кітап көп өтеді: Астана, Алматы, Шымкенттен тапсырыс көп келеді.  Ауылдарға кітапханаларға жіберіледі», -дейді ол.

Сондай-ақ, баспа «Кітап сыйлау күні» аясында елорданың кітапханаларына жүздеген кітап тарту еткен.

 «Үздік 100 кітап» сауалнамасы – әдебиетті тек оқып қана қоймай, оны ұлттық деңгейде талқылайтын, ұжымдық оқырман талғамын қалыптастыратын ауқымды мәдени бастама. Бұл жобаның нәтижесінде әр қазақ үйінде тұруға тиіс рухани қазына – 100 кітаптың тізімі жасалады. 

Серіктес жаңалықтары