Елордалықтар әнұран, елтаңба мен ту авторын біле ме – сауалнама
4 маусым – Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні
Azattyq Rýhy тілшісі елордалықтардан мемлекеттік рәміздердің авторын сұрап көрді. Тұрғындар арасында әнұранды орындағандар да болды.
КӨК БАЙРАҚ, ЕЛТАҢБА және ӘНҰРАН. Бұл үш символ Тәуелсіз Қазақстанның, егемендіктің берік негізі.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері осыдан 28 жыл бұрын 4 маусымда бекітілді. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңы 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым күні елімізде Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтеді.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТУЫ
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ЕЛТАҢБАСЫ
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ГИМНІ
Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның гимні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.
Әннің авторы Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.