Пышақ сол жақ өкпесіне дәл тиген: Шерзат Полаттың нақты қандай жарақаттан көз жұмғаны белгілі болды
Кәмелетке толмаған бала көп қан жоғалтқан

Талғар ауданында кісі қолынан қаза тапқан жасөспірім Шерзат Полаттың өлімі бойынша басты сот талқылауында марқұмның қандай дене жарақатынан қаза тапқаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Іс бойынша жүргізілген 01.11.2024 жылғы сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, кәмелетке толмаған Полаттың өлімі сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігіне зақым келтіре отырып, сол жақтағы кеуде қуысына еніп, шаншылып кесілген жарақаты салдарынан дамыған ауыр қан жоғалтудан болды. Өлім 2024 жылдың 4 қазанында сағат 01.30-да Талғар аудандық орталық ауруханасының стационарында расталды», - деді прокурор онлайн өтіп жатқан сот отырысында.
Мәйітті зерттеу кезінде баланың денесінен мынадай жарақаттар анықталған:
«Ішкі және сыртқы қан кетуді тудырған сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігінің зақымдануы мен гемоторакс, плевра қуысында 1500 миллиграмм қанның болуы, сол жақтағы кеуде қуысына еніп, шаншылып кесілген. Бұл өмірге қауіп төндіретін және жәбірленушінің өлімімен тікелей себептік байланыста болатын денсаулыққа ауыр зиян келтірген. Бұл дене жарақаты стационарға келгенге дейін шаншу-кесу қасиеті бар заттың әсерінен туындаған», - дейді мемлекеттік айыптаушы.