Ұлытау облысында Жеңістің 80 жылдығына орай 800 сарбаз әскерге аттанады
Аймақта осы датаға байланысты 200-ден астам іс-шара жоспарланған

Ұлытау облысының әкімі ДастанРыспеков Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығын атап өту үшін кешенді жоспар әзірлеп, бекіткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мерекеге арналған іс-шаралар «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атауымен іске аспақ. Жоспарға сай патриоттық, мәдени, әлеуметтік және ақпараттық бағыттағы 200-ден астам іс-шара өтеді.
«Бүгінде облыс бойынша 394 тыл еңбеккері бар. Олардың арасында Жезқазғанда – 178, Сәтбаевта – 145, Қаражалда – 16, Жаңаарқада – 33, Ұлытауда – 22 адам тұрады. Ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін қолдау – басты назарда. Біржолғы әлеуметтік көмек ретінде тыл еңбеккерлеріне – 100 000 теңге (394 адам), жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарға – 100 000 теңге (3 адам), соғыста қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне – 50 000 теңге (22 адам) төленді», - деп хабарлайды облыс әкімдігі.
Бұдан өзге жыл бойы ардагерлерді дәрігерлер тегін тексеріп, үйінде емдеп, дәрі-дәрмекпен қамтыған. Және жергілікті атқарушы орган ардагерлерге азық-түлік таратып, патронт бөлген.
«Мерейтой аясында «Ардағым – ардагерім», «Менің атам – жауынгер» сынды челлендждер ұйымдастырылып, 1000-нан астам жас ат салысып жатыр. Алғаш рет «Жас сарбаз» әскери-патриоттық жарысы өтуде. Оған облыстағы мектептер мен колледждер белсене қатысуда. Сонымен қатар, 800 жас сарбазды әскерге шығарып салу рәсімі де Жеңіс мерейтойына арналмақ», - деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
Жалпы, облыстың барлық мәдениет мекемелерінде ардагерлерге тағзым ету, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында жүздеген іс-шара өтеді. Атап айтқанда, «Мәңгілік ұлықталар Ұлы Жеңіс!» атты фотоқұжат көрмесі, «Ғибратты ғұмыр» еске алу кеші, «Ерлікке өрілген өмір» тағзым кештері, «Ер есімі – ел есінде» музейлік акциясы және оқушылар арасында драма фестивалі өтті.
Жезқазған музейінде «Ұлы Жеңіске – 80 жыл» тақырыбында көрмелер, «Менің атам – майдангер» атты онлайн бейнежобалар, «Біздің батыр жерлестер» көрмесі және облыстық әмбебап кітапханада тағзым кештері ұйымдастырылды.
«Жас сарбаз» жарысынан бөлек, «БиАрт» ұлттық би фестивалі, әжелер ансамблінің байқауы, патриоттық әндер байқауы, «Жаралы гүлдер» спектаклі, мүшәйралар мен театрландырылған қойылымдар көрермен назарына ұсынылды. Жастар арасында патриоттық бағыттағы флешмобтар мен челлендждер де әлеуметтік желілерде кеңінен таралуда.
«6–9 мамыр аралығында облыста негізгі мерекелік шаралар өтеді. 9 мамырда облыс орталығында «Мәңгілік алау» жанында көшпелі көрме, «Жеңіс жалауын желбіретіп…» театрландырылған қойылым, «Журавли» әніне хореографиялық композиция, гүл шоқтарын қою рәсімі, далалық асхана, мерекелік концерт және отшашу ұйымдастырылады. Барлық ардагерлерге «Ұлы Жеңістің 80 жылдығы» мерейтойлық төсбелгілері табысталады. Сонымен қатар, 7 мамырда өтетін республикалық парадқа Ұлытау облысынан тыл еңбеккерлері, Ауған соғысы және Чернобыль апатына қатысушылардан құралған делегация аттанады. Жеңіс ескерткіштері мен мемориалдарға жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. «Таңбалы тас» саябағындағы монумент, Жезді, Қарсақпай, Сарысу елді мекендері мен Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы ескерткіштер жаңарып жатыр. Облыс аумағында 50-ден астам баннер орнатылып, 30-ға жуығы ілінді. Жергілікті арналарда 50-ден астам бейнеролик пен арнайы хабарлар көрсетілді. «Ұлытау ТВ» мен «Ақшам ТВ» арналары 20-дан астам арнайы бағдарлама әзірледі», - деп хабарлайды әкімдік.