$ 506.21  568.42  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Жаңбыр суына шайылып, күн көзіне қақталып тұр»: депутат Түркістандағы тарихи ескерткіштердің қараусыз қалғанын айтты

Айтуынша ескерткіштер тұрған жерлер жекеменшікке өтіп кеткен 

«Жаңбыр суына шайылып, күн көзіне қақталып тұр»: депутат Түркістандағы тарихи ескерткіштердің қараусыз қалғанын айтты
Фото: National Geographic Қазақстан

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ұласбек Сәдібеков Түркістан өңіріндегі тарихи нысандарды қорғау және туризмді дамыту мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, еліміздің барлық аймағы тарихи ескерткіштерге бай. Әрбір өңірде киелі орындар мен көне күмбезді мекендер жетерлік. Мәселен, бір Түркістан облысының өзінде Отырарда Арыстан баб, Созақта Ысқақ баб, Баба түкті шашты әзиз, Бәйдібекте Домалақ ана, Қазығұртта Ақбура, Сайрамда сансыз бабтар мекені бар.

Өкінішке қарай, бұл орындардың көбі республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енгенімен, жергілікті атқарушы органдарға күтіп ұстау бағытында жауапкершілік жүктелмеген. Сондықтан көпшілігі қараусыз. Ашық аспан астында жаңбыр суына шайылып, күн көзіне қақталып тұр. Мұның салдары тарихи орындардың құлауына әкеліп жатыр.

«Жуырда Созақ ауданындағы Ақсүмбе ауылында орналасқан Ақбикеш мұнарасының бір бөлігі опырылып қалды. VI ғасырға тиесілі бұл тарихи нысан 2020 жылы қыруар қаржыға жөндеуден өткен болатын», – деді депутат.

Сондай-ақ, ол Бәйдібек ауданындағы «Ақмешіт» үңгірінің астындағы жер жекеменшікке өтіп кеткенін, Домалақ ана, Бәйдібек ата, Қос ана кесенелері мен туристік орындардың да жеке сектор меншігінде қалып қойғаны – туризм дамуына айтарлықтай кедергі келтіріп отырғанын айтты.

«Соның салдарынан тек жабайы туризм мен заңсыз кәсіпкерлік жұмыс істеп жатыр. Тіпті, кей азаматтар сол маңды қаржы табу көзіне айналдырып алған. Тарихи нысандарға келіп-кетіп жатқан туристердің есебін жүргізіп жатқан ешкім жоқ», – дейді Ұласбек Сәдібеков.

Осыған байланысты депутат бірнеше нақты ұсыныс айтты:

«Ең алдымен киелі орындарды жергілікті коммуналдық мекемелерге күтіп ұстауға беруді ұсынамын. Әрине, бұл тарихи нысандардың жыл сайын ағымдағы жөндеуден өтіп, ауласының таза тұруына, көгалдандырылуына үлкен мүмкіндік туғызады.

Екіншіден, ҚР «Жер туралы» Кодексі мен ҚР «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңдарына өзгеріс енгізу қажет. Атап айтқанда, тізімге енген тарихи-мәдени мұра объектілері мемлекет иелігіне өту жөнінде Заңда қаралған. Бұл жерде, тарихи нысанды жерімен бірге толық қабылдайтын толықтырулар мен өзгеріс енгізуді сұраймын.

Үшіншіден, туристер мен зияратшылардың есебін жүргізіп, олардан түскен қаржыны арнайы ашылған қорға қабылдау қажет. Әрбір нысанға түскен қаржы сол жердің қажеттіліктерін өтеуге жұмсалуы тиіс.

Сондай-ақ, әрбір нысанға арнайы курстардан өткен шырақшы-ГИД отырғызу жайын қолға алу қажет. Себебі, келген туристке, зияратшыға сол маңдағы тарихи оқиғаны сауатты түрде түсіндіріп, Құран бағыштаса - мәдениетіміздің жанғаны деп білемін», - деді ол.

Депутат атадан аманатқа қалған тарихи ескерткіштерді қорғауға шақырды.

Серіктес жаңалықтары