$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.10.2019, 16:55
Қоғам

Спорт мамандары Қанат Исламның жеңісіне күмәнмен қарайды

Қазақстандық боксшы кәсіпқой бокстағы 27-жеңісіне қол жеткізді

Спорт мамандары Қанат Исламның жеңісіне күмәнмен қарайды

Жерлесіміз Алматыда өткен бокс кешінде намибиялық Уолтер Каутондоквамен 10 раунд жұдырықтасып, төрешілер шешімімен жеңіске жеткен болатын.

Балауан Шолақ атындағы спорт сарайында Қанатты жеңісімен алдымен қала әкімі Бақытжан Сағынтаев құттықтап, чемпиондық белбеуді табыстады. Боксшының өзі болса алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, қала әкімі мен өз жаттықтырушыларына және демеушілеріне алғыс білдіріп, сөзінің соңын Қытай елшісіне рахметпен аяқтады. Дипломат Чжан Сяо да рингке арнайы шығып, Қанаттың қолын алып, жеңіспен құттықтады.

Айта кету керек, Қанат Ислам ҚХР атынан талай үлкен жарыстарда сынға түсіп, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанған. Бәлкім содан болар, бүгінгі бокс кешін тамашалауға қытайлық жанкүйерлер де көптеп келді.

Спорт журналисі Серік Ноянов ҚХР елшісінің ерекше ықыласына түсінбегенін айтып отыр. Оның үстіне, ол аталған жекпе-жекте Қанатты жеңіске жеткен жоқ деп есептейді.

«Қанат саясаттың құралына айналып кетпесе екен деп тілеймін. Ол Қазақстан азаматы. Қытай компаниялары демеушілік жасап жатса да түсінер едік. Қытай Халық Республикасының жерінде жұдырықтасса да жарайды дер едік. Қытай елшісіне алғыс айтуы, оның арнайы құттықтауын өз басым түсіне алмадым. Бұл бір. Екіншіден, Қанатты жеңіске жетті деп айта алмаймын. 6 раунд бойы Уолтер басым болды. Тым болмаса екеуінің қолын көтеріп, тең нәтиже жариялау керек еді. Жанкүйерлерді бұлай алдай алмайсың. Қанат ертең жанкүйерлерінен айрылып жатса таң қалмаймын», - дейді журналист С.Ноян.

Қытай консулдығында пресс-атташе болып жұмыс істейтін Ли Киң мен бокс бапкері Тұрсынғали Еділов те бокстан саяси астар іздеудің қажеті жоқ дейді. Жарысты көруге келген ҚХР өкілі тек спортқа қызығушылығы бар екенін айтса, Т.Еділов Қанатқа дәл қазір бәрінен бұрын мықты бапкер керектігін жеткізді.

«Қанатта жеңемін деген мақсаты болған шығар, бірақ ол үнемі қашумен болды. Соңғы үш раундта таза жеңілді. Ол сарқылды. Бұрынғы жетістіктері бар, миы «мен чемпионмын» дейді, бірақ жасы келгендіктен физикалық тұрғыда проблемалары бар. Жарысқа дайындығы да жақсы болды деп айта алмаймын, мықты боксшылармен спарринг өткізуі керек еді, бірақ оған ақша төлегісі клемеді. Оның жаттықтырушысын ауыстыру керек, қазіргі бапкері спорт шебері де емес», - деп Т.Еділов өз ойын білдірді.

Еске салайық, 35 жастағы Қанат Ислам кеше Алматыда намибиялық Уолтер Каутондоквамен жұдырықтасып, өзіне тиесілі екінші деңгейлі WBO International титулын қорғап қалды.

Серіктес жаңалықтары