Тоқаев мас күйде көлік жүргізетіндердің жазасын күшейтуді тапсырды
Мас жүргізушілерге елімізде 4 түрлі жаза қарастырылған
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көлікті мас күйде айдайтындарға жазаны күшейтуді тапсырды деп хабарлайды «Azattyq Rýhy» тілшісі.
«Заңға өзгертулер енгізуді тапсырдым: алкогольді ішімдіктердің кез-келген түрін ішкен күйінде көлік жүргізгені үшін, сондай-ақ мал ұрлығы үшін берілетін жазаны қатаңдату қажет», - деп жазды Мемлекет басшысы өзінің Twitter-парақшасында.
Айта кетейік, Қазақстан заңы бойынша, адам қанынан алкогольдің 0,5 промилі анықталса ол мас болып есептеледі. ҚР Әкімшілік кодексінде көліктің тізгініне мас күйде отырған жүргізушілерге 4 түрлі жаза қарастырылған:
Жүргізуші куәлігінен айыру:
- 3 жылға: егер жүргізуші мас болса, бірақ жол көлік оқиғасын жасамаса;
- 4 жылға: егер мас жүргізуші жол көлік оқиғасын туындатса;
- 5 жылға: егер мас жүргізуші жасаған жол көлік оқиғасынан өзге адамдар жарақат алса және өзге автокөлік зақымданса.
Қамауға алу және жүргізуші куәлігінен айыру:
- 15 тәулікке қамау және 6 жылға жүргізуші куәлігінен айыру: егер жүргізуші 12 айдың ішінде екінші рет мас болып көлік басқарса;
- 30 тәулікке қамау, 10 жылға куәлігінен айыру: егер жүргізуші үшінші рет мас күйде көлік тізгініне отырса;
Егер жүргізуші мас болса және бұған дейін жүргізуші куәлігінен айрылса 20 тәулікке қамалады.
Айыппұл:
- жүкті әйелдер;
- 14 жасқа дейінгі баласы бар аналар;
- 1 немесе 2-топтағы мүгедектер;
- жасөспірімдер;
- 58 жастан асқан әйелдер және 63 жастан асқан ер азаматтар.
Медициналық тексерістен өтуден бас тартқан жүргізушілер көлік жүргізу куәлігінен айрылады.