Ұлы Отан соғысына қатысқан 111 ардагердің жәрдемақысы – небәрі 63 мың теңге
Тыл еңбеккерлері ай сайын 8 376 теңге алады

2025 жылғы 1 сәуірдегі мәліметке сәйкес, елімізде 83 048 соғыс ардагері бар. Олардың ішінде Ұлы Отан соғысына қатысқан 111 ардагер, жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген 16 796 азамат, өзге мемлекеттердегі ұрыс қимылдарына қатысқан 26 553 ардагер және 39 588 тыл еңбеккері бар. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімделді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекет бұл санаттағы азаматтарды қолдауды жалғастырып келеді. Биыл ардагерлерге 4,3 млрд теңге көлемінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленді. Жалпы, 2025 жылға осы мақсатта республикалық бюджеттен 17 млрд теңге қарастырылған.
Ардагерлерге төленетін ай сайынғы жәрдемақы мөлшері:
Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы ардагерлердің барлық санатына, олар өзге әлеуметтік төлем алатын-алмайтынына қарамастан, белгіленген мөлшерде ай сайын төленеді. 2025 жылғы есеп бойынша:
1) ҰОС ардагерлері – 16 АЕК (2025 жылы – 62 912 теңге);
2) жеңілдіктері бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, олардың ішінде:
- ҰОС кезеңінде жарақат алуы, контузия алуы, мертігуі немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдарға жеңілдіктер бойынша теңестірілген адамдар – 7,55 АЕК (2025 жылы – 29 687 теңге);
- жеңілдіктер бойынша ҰОС қатысушыларына теңестірілген тұлғалар – 6,19 АЕК (2025 жылы – 24 339 теңге);
3) басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, оның ішінде:
- Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысушылар – 6,19 АЕК (2025 жылы – 24 339 теңге);
- Тәжік-Ауған учаскесінде ТМД шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі міндеттерді орындаған, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға, Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер – 4,8 АЕК (2025 жылы – 18 874 теңге);
4) ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлері – 2,13 АЕК (2025 жылы – 8 376 теңге) алады.