$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.04.2025, 18:28
Қоғам

Енді қызмет бабында қаза тапқан барлық полицейдің отбасыларына өтемақы төленеді – депутат

Заң жобасында қарасораны өндірістік мақсатта өсіруге рұқсат беретін түзету де бар

Енді қызмет бабында қаза тапқан барлық полицейдің отбасыларына өтемақы төленеді – депутат
Фото: malim.kz

Қазақстанда жергілікті полиция қызметі жойылып, оның орнына құқықбұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басқармалары құрылады. Ал әкімшілік қамауға алынатын адамдарды қабылдау-бөлу орындарында ұстауға рұқсат етіледі. Ішкі істер саласына қатысты осы және өзге де өзгерістер «Кейбір заңнамалық актілерге ішкі істер органдарының қызметі саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында көзделген.

Полицияның қызметін жеңілдету мақсатында әзірленген құжаттың басты жаңашылдықтары туралы толығырақ Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі, жұмыс тобының жетекшісі Жарқынбек Амантайұлы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жергілікті полиция қызметі неге үмітті ақтамады?

Жергілікті полиция қызметі (ЖПҚ) 2016 жылы халықтың полицияға деген сенімін арттыру мақсатында құрылған еді. ЖПҚ бастықтарын тағайындау және қызметінен босату құқығы әкімдерге берілген болатын. Алайда уақыт өте екіжақты бағыныштылық, яғни бір жағынан әкімдікке, екінші жағынан полиция департаментіне бағыну жергілікті полиция қызметінің жұмысына кедергі келтірді. Әкімдердің кадрлық шешімдерге араласуы дара басшылық қағидатын бұзып, ЖПҚ мен аумақтық полиция департаменттері арасында келіспеушіліктердің жиілеуіне әкеп соққан. Сол себепті 2018 жылы жергілікті полиция қызметі өз алдына бөлек құрылым ретінде жойылып, аумақтық полиция департаменттерінің тиісті басқармалары болып қайта құрылды.

«Енді заңнамадан «жергілікті полиция қызметі» деген ұғым алынып тасталады. Өкінішке қарай, жергілікті полиция қызметі әу баста одан күтілген нәтижені ақтамады. Бұл жерде кейбір сәйкессіздіктер, қарама-қайшылықтар орын ала бастады. Мысалы, қатарынан екі басшылыққа бағыну деген сияқты, полиция департаментіне және жергілікті әкімшілікке бағыныстылық пайда болды. Осыған байланысты ЖПҚ 2018 жылы аумақтық полиция департаментінің құрылымы ретінде қайта реттелген болатын. Алайда бұл ұғым заңда қалып тұрғандықтан, министрдің ішінара құрылымдық өзгеріс жасауына, толыққанды жұмыс істеуге кедергі болып тұрды. Сондықтан осы мәселені шешу үшін «жергілікті полиция қызметі» ұғымы заңнамадан алынып тасталайын деп отыр», - деді Жарқынбек Амантайұлы.

Депутаттың айтуынша, жергілікті полиция қызметінің орнына құқықбұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басқармалары құрылады. Екі басқарма да жергілікті полиция департаментіне бағынады.

«Құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі басқармаға учаскелік инспекторлар, ювеналды полиция, табиғат қорғау полициясы, қару айналымын бақылау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшелері кіреді. Ал енді қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басқармасына патрульдік полиция, жол-техника инспекциясы шоғырланады. Әрбір қызмет тікелей өз міндеттерімен айналысады», - деп түсіндірді мәжілісмен.

Әкімшілік қамауға алынғандар жазасын қабылдау-бөлу орындарында өтеуі мүмкін

Әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін әкімшілік қамауға алынған бұзақылар арнайы қабылдау орындарында жазасын өтейді. Алайда, Жарқынбек Амантайұлының айтуынша, кейінгі жылдары елімізде әкімшілік құқықбұзушылықтардың саны артып барады. Мәселен, соңғы бес жылда бұл көрсеткіш 96 мыңға дейін өскен. Ал арнайы қабылдау орындары бұл жүктемені көтеруге қауқарсыз: елімізде небәрі 28 арнайы қабылдау мекемесі бар, олардың 14-і облыс орталықтарында орналасқан және бар болғаны 1 109 төсек-орынмен шектелген.

«Яғни әкімшілік құқықбұзушылыққа қатысты сот шешімін орындау үшін азаматтар, тіпті, кезекке тұруға мәжбүр. Мысалы, сот шешімі бойынша 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынғандар әкімшілік жазасын өтеп тастайын десе, арнайы қабылдау орындарында орын жоқ. Сот шешімін орындау үшін бос орын күтіп, кезекке тұрған азаматтар бар. Сондықтан осы проблеманы шешу мақсатында әкімшілік қамауға алынғандарды қабылдау-бөлу мекемелеріне орналастыруға құқық беріп отырмыз. Қабылдау-бөлу орындарында азаматтығы жоқ, жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ, былайша айтқанда тұрғылықты мекенжайы анықталмаған азаматтар уақытша орналастырылады. Яғни бұл мекемелерге үлкен салмақ түсіп отырған жоқ. Ал арнайы қабылдау орындары жеткіліксіз, оның үстіне көбі кеңес үкіметі кезінде салынған, ескірген. Ал олардың орнына жаңаларын салу үшін мемлекеттен қыруар қаражат керек. Әрине, бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табады деген ойдамыз, бірақ әзірге әкімшілік қамауға алынғандар үшін заңға осындай өзгеріс еніп отыр», - дейді депутат.

Қызмет бабында қаза тапқан полицейлердің отбасына ақшалай көмек

Қазақстанда 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қызмет бабында қаза тапқан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасына бір реттік көмектен бөлек, тұрақты ай сайынғы ақшалай көмек көрсетіледі. Яғни қайтыс болған полицейдің артында қалған жесірі мен балаларына әрқайсысына марқұмның жалақысының 40 пайызы төленеді. Осы норма күшіне енгеннен кейін тәуелсіздік жылдары қаза тапқан тәртіп сақшыларының жақындары депутаттарға өтініш-тілегін жеткізген.

«Бұл – депутаттардың бастамасымен енгізілген норма.  Ең әуелі әлеуметтік әділеттілікті орнатуға бағытталған маңызды қадам дер едім. Оның үстіне, құқық қорғау органдарында 1991 жылғы 16 желтоқсаннан 2022 жылға дейінгі аралықта қайтыс болған қызметкерлер бар ғой. Сол азаматтардан да «бізге неге өтемақы төленбейді, біздің жақындарымыз да бірдей жағдайда қайтыс болды ғой» деген арыз-шағымдар түсе бастады. Біз олардың талап-тілегін ескеріп, заңға түзету бердік. Егер осы заң қабылданса, қателеспесем, 530 отбасы өтемақы төленетін санатқа кіреді. Бұл – қызмет бабында қайтыс болған полицейлердің отбасыларына мемлекеттің қамқорлығы, қолдауы. Үкімет осы бастаманы қолдап отыр. Бұған жыл сайын қосымша 968 млн теңге қарастырылған, оның 720 млн теңгесі республикалық бюджеттен, қалғаны жергілікті бюджеттен көзделіп отыр», - дейді Жарқынбек Амантайұлы.

Осылайша жаңа түзету арқылы 530 отбасы тұрақты ай сайынғы төлеммен қамтамасыз етілмек.

Қазақстанға келген шетелдік дипломаттар саусақ іздерін тапсырмайды

Қазіргі уақытта елімізге келіп, азаматтық алғысы келген немесе уақытша тұру құқығына ие болғысы келген шетелдіктер ғана саусақ іздерін тапсыруға міндетті. Ендігі кезекте Қазақстанға кіретін шетелдік азаматтар саусақ іздерін тапсыруға міндеттелмек. Алайда біздің заңнамада дипломатиялық қызмет қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерін дактилоскопиялық тексерістен босату нормасы қарастырылмаған. Депутаттар әлемдік тәжірибеге сүйеніп, ресми тұлғалар, арнайы  іс-шараға шақырылғандар, дипломаттар мен оларға теңестірілген тұлғалар мен олардың жақындарын саусақ іздерін тапсыру міндетінен босатуды ұсынып отыр.

Қарасораны өндірістік мақсатта пайдалануға рұқсат етілмек  

Мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда қаралатын заң жобасына енген тағы бір түзетудің бірі – қарасораны (каннабис) өндірістік мақсатта пайдалануға рұқсат беру. Депутаттар қарасораның өнеркәсіпке арналған сұрыптарын арнайы рұқсатпен өсіріп, өндірістік мақсатта қолданатын уақыт келді деп есептейді.

«Бізде қазір 0,00 пайызбен, яғни құрамында қарасора мүлдем жоқ өнімді пайдалануға, өндіруге рұқсат етілген. Жіп шығару сияқты дүниеге пайдаланады. Ал енді осының 0,03 пайыз дегені бар. Ол алдыңғысына қарағанда сапалырақ. Мысалы көршілес Ресей, Өзбекстан және тағы басқа шет елдерде осы 0,03 пайызы өндірістік жолға қойылған. Сәйкесінше біздің 0,00 пайыздағы өнімдеріміз оларға бәсекелес бола алмайды, яғни сапасыз болып саналады. Сондықтан бұл маңызды түзету деп айтар едім. Қарасораны өндірістік мақсатта пайдалануға лицензияланған инвесторларға ғана рұқсат беріледі. Ал лицензия алу үшін, ең алдымен, оған көп қаражат құю керек, ғимараты талаптарға сай қоршалған, жабық қоймалары болуы шарт және лицензияланған күзет қызметімен қамтамасыз етілуге тиіс. Күзет қызметіндегі адам саны, аумаққа қатысты талаптар да болады. Қарасораның өндірістік мақсатта өндірілуін Ішкі істер министрлігі қадағалайды. Ал егер ереже бұзылған жағдайда инвесторды лицензиясынан айыруға, өндірісін тоқтатып тастауға дейін барады. Яғни айыппұлдан бөлек, осындай қатаң жауапкершілік қарастырылған. Ал енді, өзіңіз ойлаңыз, қыруар қаражат салып, лицензиясынан айырылып қалу кез келген инвесторға тиімсіз», - дейді депутат.

Оның айтуынша, өнеркәсіпке арналған қарасораның сұрыптарын Ауыл шаруашылығы министрлігі айқындайды.

Жалпы осы заң жобасы аясында 16 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр.

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлының пікірінше, бұл заң жобасы полицияның жұмысын бюрократиядан арылтып, ішкі істер органдарының қызметін ретке келтіреді.

«Бұл ішкі істер саласын басқаруға да оңтайлы. Көп дүние заңға тәуелді актілерге түседі. Бұл  министрлікке кейбір сұрақтарды Мәжіліске жүгіре бермей, өз ішінен реттеуге мүмкіндік береді. Бюрократиялық жүктеме азайса, полицияның қоғамдағы тәртіп пен құқықбұзушылықты бақылауына көп уақыты болады деген сөз. Сондықтан заң жобасының оң әсері болады деген ойдамыз», - дейді жұмыс тобының жетекшісі.

Серіктес жаңалықтары