$ 514.94  583.74  6.13
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Пышақ жүрегіне дәл тиген»: прокурор күдіктілер Шерзат Полатты қалай өлтіргенін айтып берді

Олар Ғайыпбаевты да өлтірдік деп ойлаған

«Пышақ жүрегіне дәл тиген»: прокурор күдіктілер Шерзат Полатты қалай өлтіргенін айтып берді
Фото: видеодан скриншот

Прокурор Ержан Тұрақбаев Шерзат Полаттың өліміне қатысты өтіп жатқан ашық сотта оқиға желісін баяндап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатқан Шерзат Полат ісі бойынша сот отырысында прокурор Ержан Тұрақбаев оқиғаның хронологиясын баяндап берді.

Оның айтуынша, қылмыс Шота Руставели көшесінде басталған.

Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Белғожаев, Ілиясов, Такиев және Шынасыл есімді күдіктілер сол көшеге топтасып келіп, сол жерде жүрген Ғайыпбаев пен 16 жастағы Шерзат Полатқа шабуыл жасаған.

Прокурордың айтуынша, алғашқы шабуылды Белғожаев жасаған. Ол Шерзат Полатты аяқпен басынан тепкен. Осы сәтте Шерзаттың анасы – Гүлмира Бишенбиева ұлына араша түсуге ұмтылған.

Алайда Белғожаев қолындағы пышақты шығарып, оны Шерзатқа қарай сермей бастаған. Сол соққылардың бірі жасөспірімнің жүрегіне дәл тиген. Бұл жарақат оның өмірін қиды.

Оқиғаның ары қарайғы дамуы да ауыр сипатта өткен. Күдікті Ілиясов жерде жатқан аңшы мылтығын (16-калибр) алып, Полатты мылтықтың дүмімен ұрып-соққан. Бұл соққылардың бірі араша түсіп жатқан анасының қолына тиген. Кейін Ілиясов сол мылтықпен Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың басынан да ұрған.

«Шынасыл Сәкиевпен адамдар тобын құрып бұзақылық есеппен Ғайыпбаевтың да өмірін қиюға әрекет еткен. Осы сәтте Шынасыл ас үй пышағымен Ғайыпбаевты жамбас тұсынан жаралаған. Сәкиев есімді тағы бір күдікті оны екі рет иығынан пышақтаған. Ауыр жарақат алған Ғайыпбаев есінен танып қалған. Оны көрген Шынасыл мен Сәкиев ол өлді деп ойлаған. Алайда осы екеуі ойлаған істерін ақырына дейін жеткізе алмаған», – деді прокурор Ержан Тұрақбаев.

Прокурор атағандай, Руставели көшесінде аталған үшеуі Ғайыпбаевты ұрып-соққан.

«Ғайыпбаевтың ес-түссіз жатқанын пайдаланып, құны 220 мың тұратын телефонын жымқырып кеткен. Осыдан кейін қылмысқа қатысушылар оқиға болған жерден бой тасалаған. Ал Нұрымов баласы Шерзат Полат пен інісі Ғайыпбаевты Талғар ауданының ауруханасына жеткізген», - дейді Тұрақбаев.

Ол айтып өткендей, кәмелетке толмаған Ысқақ Талғардағы «777» дүкенінің қасында Шынасылдың қылмыс қаруын шүберекке сүртіп, жасырған.

Серіктес жаңалықтары