Қазақстанда 1489 күн, шетелде 336 күн онлайн жұмыс істеген жігіт «Болашаққа» қарыз болып қалды
Бағдарлама шарты бойынша шетелдегі онлайн жұмыс еңбекпен өтеу мерзіміне қосылмайды

«Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша еңбекпен өтеу міндетін орындамаған қазақстандық түлек шетелдегі оқуына жұмсалған ақшаны мемлекетке қайтаруға міндеттелді. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты осындай шешім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ер адам 2017 жылы «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның бір университетінде магистратура дәрежесін алған. Арада бес жыл өткен соң стипендиат кепілге салынған мүлігін кепілден шығару үшін уәкілетті органдарға жүгінеді. Алайда бағдарлама шарты бойынша бес жыл еңбекпен өтеу міндетін орындамаған соң, оның мүлкін кепілден шығарудан бас тартқан.
Айта кетері, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келгендер Астана немесе республикалық маңызы бар қалаларда кемінде 5 жыл (1825 күн), ал басқа аймақтарда 3 жыл (1095 күн) жұмыс істеуге міндетті.
Ал әлгі түлек шетелде оқуын аяқтағаннан кейін Астанадағы ұйымдарда 1489 күн ғана жұмыс істеп, 2021 жылғы сәуірде Қазақстаннан кетіп қалған. Сөйтіп шетелде онлайн жұмыс істеген. Алайда сот қашықтан жұмыс істеу міндетті еңбекпен өтеу мерзіміне қосылмайды деп шешім шығарған.
«Сот шетелде 336 күн қашықтан жұмыс істеуді есепке алу әрекетін қабылдамады. Сот еңбекпен өтеу түлектердің Қазақстанда шын мәнінде физикалық тұрғыдан болуын талап етеді деп ұйғарды. Түлектің қол қойған келісімшартында қашықтан жұмыс істеу қарастырылмаған, ал бұл мәселе бойынша тараптар арасында келісімшарт жасалмаған», - делінген хабарламада.
Осыдан кейін Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия еңбек міндеттемелерін орындамауына байланысты түлекті стипендиядан айырып, оның оқуына жұмсалған қаражатты қайтаруды талап еткен. Алайда қазақстандық комиссияның шешімін даулап, сотқа шағымданған.
Сот комиссияның шешімін орынды деп тауып, ер адамның талабын қанағаттандырудан бас тартты. Шешім заңды күшіне енді.