Pinduoduo мен Temu сынды маркетплейстер Қазақстанда салық төлемегені үшін бұғатталуы мүмкін
Жаңа Салық кодексіне осындай норма енгізілген

Қазақстанда қосымша құн салығын төлеуші ретінде тіркелмеген шетелдік маркетплейстердің сайты бұғатталуы мүмкін. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің депутаттық сауалға жауабында айтылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстанда онлайн тауар сатып, қызмет көрсететін шетелдік компаниялардан алынатын қосымша құн салығы 2022 жылдан бастап енгізілген.
«Жаңа Салық кодексінің жобасында шетелдік маркетплейстерге салық салуды реттейтін нормалар қарастырылған. Сондай-ақ қосымша құн салығын төлеуші ретінде тіркелмеген және камералдық бақылау барысында анықталған заңбұзушылықтарды жоймаған жағдайда маркетплейстің сайтын бұғаттау көзделген», - деп жауап берді Жұманғарин депутаттардың сауалына.
Қазіргі таңда елімізде 105 шетелдік компания тіркелген. Олардың арасында Apple, Amazon, Alibaba, Aliexpress, Adobe, Ebay, Google, iHerb, Huawei, Meta (Facebook, instagramm), Netflix, Nintendo, Pinduoduo, TaoBao, TikTok, Temu, Samsung, Sony, Zoom бар.