$ 503.42  542.08  6
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.03.2025, 12:05
Қоғам

«Қорқынышты тенденция»: Мәжіліс депутаты көпбалалы аналар арасында өлім-жітім көбейгенін айтты

Қазақстанның 10 облысында ана өлімі, 5 облыста сәби өлімі көбейген

«Қорқынышты тенденция»: Мәжіліс депутаты көпбалалы аналар арасында өлім-жітім көбейгенін айтты
Фото: istockphoto.com

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев елімізде ана мен бала өлімінің жиілеп бара жатқанына алаңдап, премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бүгінгі депутаттық сауалым ана мен баланың өмірі туралы. Бұл дүниеге ұрпақ әкелу үшін перзентханаға аттанған ананы перзентімен бірге о дүниеге аттандырған жағдайлар жетіп артылады Қазақстанда. Қанша жанталассақ та жансақтау бөлімінде бәрінің жанын сақтай алмайтынымыз өкінішті. Ресми ақпараттың артында қанша қазаның жатқанын тап басып тану қиын емес. 2019 жылдан бастап есептесек, соңғы 6 жылда Қазақстанда 19 128 сәби шетінеп кеткен. 2024 жылы 2598 бөпені құндақтаулы күйінде мәйітханадан алып шығуға мәжбүр болды ата-анасы», - деп мәлімдеді Сәрсенғалиев.

Оның айтуынша, ресми органдар сәби өлімінің азайғанын алға тартады. Бірақ соңғы жылдың өзінде 2 жарым мың бөпеден айрылып қалу көңіл көншітетін көрсеткіш емес. Ресми дерекке сүйенсек 5 облыста сәби өлімі көбейген, олар: Абай, Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Ұлытау облыстары.

Сәрсенғалиев елімізде жиілеп кеткен ана өліміне де тоқталды.

«Соңғы 6 жылда Қазақстанда 563 ана босанып жатып, көз жұмған. Сорақысы сол еліміздің 10 облысында ана өлімі көбейген. Ана өлімі ең көп тіркелген облыстар: Жетісу, Қостанай, Ұлытау мен Ақтөбе облыстары. Мұның бәрі ресми мәлімет. 2024 жылдың қорытындысы бойынша көз жұмған аналардың 54%-ы қалада, 46%-ы ауылда тұратыны белгілі болды. Бір қорқынышты тенденция бар, 4 немесе одан да көп баласы бар әйелдер арасында өлім-жітім көбейген, салдарынан 97 бала тірі жетім боп қалды», - дейді ол.

Депутат денсаулық сақтау саласында проблема жеткілікті екенін айтады. Мәселен Астана қаласының өзінде перзентханаларда 550 төсек тапшы. Оған қоса маман жеткіліксіз. Елімізде 4 702 акушер-гинеколог жұмыс істейді, тағы 389 маман керек. Босандыру ұйымдарында тек 1 679 акушер-гинеколог еңбек етеді, оның 560-ы ғана (35%) ампутация жасай алады. Ал акушерияда операциялық техниканың барлық түрін 438 дәрігер ғана (21%) орындай алады.

«Тағы бір түйткіл, еліміздегі кей перзентханалар халықаралық талаптарға сай келмейді, инфрақұрылымы нашар, ғимарат әбден тозған. Мәселен орталықтандырылған оттегі жеткізгіші, сығылған ауа және сору вакуумы, қабылдау бөлімдері жоқ. 3-деңгейдегі босандыру ұйымдарында экспресс бак жоқ. Флора мен антибиотиктерге сезімталдықты уақтылы анықтауға арналған зертханалар жоқ. Бұдан бөлек, медициналық жабдықтардың тозуы мен медициналық мекемелердің төмен жарақтандырылуы да өзекті мәселе. Мысалы бірнеше орталықта УДЗ, КТГ аппараттары, анестезия аппараттары, ҚСТ анализаторлары, СМАД аппараттары жоқ», - деп мәлімдеді мәжілісмен.

Осыған байланысты Нартай Сәрсенғалиев Үкіметке тиісті ұсыныстар жолдады:

  • Ана мен бала денсаулығына тікелей жауапты перинаталдық орталықтар мен перзентханалардағы дәрігерлердің, санитарлардың, техникалық мамандардың айлығын көтеру керек. Себебі олар жалақысы жақсы деп жеке секторға кетіп жатыр.
  • Өңірлерге мықты дәрігерлерді тарту үшін бір реттік көтермеақы мен арнайы тұрғын үй бағдарламасын іске қосу қажет.
  • Мықты мамандарды даярлау үшін балалар бейіні бойынша кафедраларды қалпына келтіру керек.
  • Облыс орталығынан шалғай ауылдар аудандарда жүктілігі ауыр өтіп жатқан әйелдерді алдын ала емдеуге арналған пансионаттарды дереу салу керек. Себебі алыстағы ауылдан толғақ қысқан ананы орталыққа әкелгенше түрлі жағдай орын алуы мүмкін.
  • «Патронаждық медбике» лауазымын енгізу қажет.
  • Перинаталдық орталықтар мен перзентханалардың, балалар ауруханаларының материалдық-техникалық базасын жаңарту керек.
Серіктес жаңалықтары