Тоқаевтың тұңғыш жолдауында маңызды не айтылды?
Бүгінгі Президент жолдауында айтылған маңызды мәселелерге қысқаша шолу
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында ел президенті ретінде алғашқы жолдауын жасады. Жолдауда маңызды қандай мәселелер айтылды, соған шолу жасап өтсек.
Тіл мәртебесі туралы
«Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында.
Митингке шығу үшін арнайы орын белгіленеді
«Митингтер туралы заңнаманы жетілдіру қажет. Конституцияға сәйкес, азаматтарымыз өз ойын еркін білдіру құқығына ие. Егер ондай акциялар заң мен азаматтардың тыныштығын бұзбайтын болса, қолдау білдіріп, заңда көрсетілген тәртіп бойынша митинг өткізуге рұқсат берілу керек. Ол үшін арнайы орын бөлу қажет», - деді Мемлкет басшысы.
Сондай-ақ, елдегі мәселелер көшеде емес, азаматтық диалог аясында Парламентте шешілу керектігін, депутаттар өзінің заңды құқығын пайдаланып, Үкіметке өзекті мәселелер туралы сауал жолдап, одан нақты шараларды қабылдауды талап етуін тапсырды.
Ұлттық компания мен мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту басталады
«Мемлекеттік қызметкерлердің сапасын арттыру үшін олардың қатарына жас даярланған мамандарды тарту қажет. 2020 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлер санын біртіндеп қысқартуға көшеміз. Одан босаған қаржыны пайдалы қызметкерлерді материалдық тұрғыда ынталандыруға бағыттаймыз. 2024 мемлекеттік қызметкерлер мен ұлттық компаниялардың жұмысшылар санын 25 пайызға, яғни төрттен біріне қысқарту керек», - деді Президент.
Ысырапшылдыққа жол бермеу
«Келер жылы аталып өтілетін маңызды мерейтойлар мен елеулі оқиғаларға дайындық жұмыстары басталды. Ендігі жылы бәріміз Әл-Фарабидің 1 150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтеміз. Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек», - деді Мемлекет басшысы.
«Тағы да айтамын, жер сатылмайды»
«Жұртшылықты толғандырып жүрген жер мәселесіне арнайы тоқталағым келеді. Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін. Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды, оған жол берілмейді. Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек. Бірақ жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Жерді тиімді игеру мәселесі барған сайын өзектіленіп барады. Жағдай жерге салынатын тікелей салықтың төмендігімен ушығып отыр. Мемлекеттен ақысыз жер жалдау құқығын алғандар иелігіндегі жермен жұмыс істемей отыр. Елімізде латифундистер қатары пайда болды», - деді ҚР Президенті.
Мемлекеттік компаниялардың тиімділігі жайлы.....
«Мемлекеттік компаниялар конгламераттарға айналып шыға келді. Мұны түсіну керек. Халықаралық бәсекеге қабілетке бұл айтарлықтай күмән туғызып отыр. Мемлекеттің экономикаға араласуын қысқарту үшін мен квазимемлекеттік компанияларды құруға мораторий жарияладым. Біз соңғы 14 жылда ұлттық әл-ауқат қорының халықтың жағдайын көтеруде қаншалықты пайдасы болғанын ұғынуымыз керек. Үкімет Есеп комитетімен бірге үш айдың ішінде талдау жүргізіп, мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиімділігін зерттеуі керек», - деді Қ.Тоқаев.
«2025 жылға қарай ЖІӨ тұрақты өсімін 5 пайызға жеткізуге болады»
«Қазақстан экономикасы жаһандық сипаттағы қиындықтарға қарамастан алға ілгерілеп келеді. Жыл басынан бері оның өсімі орташа әлемдік көрсеткіштен жоғары болды. Егер қажетті құрылымдық өзгерістерді жүзеге асырсақ, 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізуге болады», - деді Мемлекет басшысы.
Келер жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға өседі
ҚР Президенті бүгінгі жолдауында мұғалімдердің жалақысына байланысты Тамыз конференциясында айтқан сөзіне тағы да тоқталды.
«Мен Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбек ақысын екі есе арттыруды тапсырдым. Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз», - деді Қ.Тоқаев.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасын қаржыландыру 20 млрд теңгеге жетеді
ҚР Президенті «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру қажеттігін айтты.
«Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасы алшақтап барады. Негізгі мәселе - ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 млрд теңгеге жеткізуді тапсырамын», - деді Қ.Тоқаев.