Үкімет пен статистика бюросы жұмыссыздық туралы дерегін соңғы 15 жылда мүлде жаңартпаған - Нартай Сәрсенғалиев
Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін 2,3 миллион жасты жұмысқа орналастыруға тапсырма берген болатын

Бүгін AMANAT партиясы жанындағы Республикалық Жастарды қолдау кеңесінің кезекті отырысы өтіп, жастар арасында жұмыссыздық мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кеңеске төрағалық еткен Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Үкімет пен Ұлттық статистика бюросы жұмыссыздық деңгейі туралы дерегін соңғы 15 жылда мүлде жаңартпағанын атады. Айтуынша, ресми органдар шындыққа жанаспайтын төмен цифрларды атаудан жалыққан емес.
«Ресми органдар ұсынған статистикаға кейде халық ашулана қарайды, себебі олардың беретін деректері шындықтан әлдеқайда алыс. Мәселен, Үкіметтің, статистика бюросының мәліметтеріне сенсек, соңғы 15 жылда жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды көрсетіп отыр. Ал шынайы көрсеткішке қарасақ, ол кемінде 10-12 пайыз деңгейінде. Бұл - Дүниежүзілік банктің ресми деректерінде көрсетілген. Бұдан бөлек, 3,5 миллион азаматтың медициналық сақтандыруы жоқ, яғни олардың тұрақты жұмысы жоқ деген сөз. Оларды ресми түрде жұмыссыз деп атауға болады. Сондай-ақ 3 миллионнан астам азаматтың зейнетақы қорында бір тиын қаражат жоқ. Бұл да олардың жұмыссыздар санатында екендігінің айғағы», - деді ол.
Депутат мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында 2029 жылға дейін 3,3 миллионнан астам азаматты, оның ішінде 2,3 миллион жасты жұмысқа орналастыру деген нақты тапсырма барын атап өтті. Алайда, оның сөзінше, жоғары оқу орындарын бітіріп, диплом алып шығып жатқан жас мамандар үшін де тиімді еңбек нарығы қалыптаспай отыр.
Осы ретте ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов 2024 жылы оқу орындарын бітірген мамандардың 71,5%-ы жұмысқа орналасқанын айтты.
«Жастар арасындағы жұмыссыздық – бұл көптеген елдер мен қоғам үшін өзекті мәселе. Бұл мәселенің алдын алу үшін Министрлік тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 171 376 адам оқуды аяқтап, оның ішінде 122 594 адам жұмысқа орналасты. Түлектердің жұмысқа орналасуына мониторинг екі бағытта жүзеге асырылады.
Біріншіден, мемлекеттік тапсырыспен оқыған түлектердің жұмысқа орналасу деңгейін объективті бағалау мақсатындағы шараларды «Қаржы орталығы» жүзеге асырады. Бұл ретте зейнетақы аударымдарының түсімдері бойынша деректерді салыстыру арқылы тиісті мониторинг жүргізіледі. Бүгінгі күні жас мамандардың жұмыспен өтеу көрсеткіші стратегиялық-нормативтік құжаттарда бекітілген. Бакалавриат, магистратура, докторантураны мемлекеттік білім тапсырысы негізінде бітіргендерге 3 жыл жұмыспен өтеу міндеті қарастырылған. Екіншіден, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Министрліктің тапсырысына сәйкес жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына тәуелсіз бағалау жүргізу барысында түлектердің жұмысқа орналасуының нақты деректерін шығарады. 2024 жылы бітірушілердің жұмысқа орналасу деңгейі 75% құрады, бұл алдыңғы жылдардағы көрсеткіштерден төмен», - деді ол.
Талғат Ешенқұловтың айтуынша, жоғары оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыруда бірқатар мәселені шешу қажет.
«Кәсіпорындар мен өнеркәсіп орындары студенттерді тәжірибеден өткізуге, одан әрі жұмысқа алып қалуға құлқы жоқ, сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар тарапынан түлектердің жұмысқа орналастыруға кепілдік берілген орын болмай қалады. Сондықтан Облыстар, қалалар, аудандар әкімдіктерінің жұмыс берушілердің дуальды оқыту шеңберінде кадрлар даярлауға тарту жөніндегі жұмысын күшейту қажет. Сондай-ақ кадрларды нысаналы даярлау шеңберінде кәсіпорындарды жоғары оқу орындарына бекіту бойынша өңірлік кәсіпкерлер палаталарының жұмысын күшейту керек және жоғары оқу орындарының кәсіптік бағдарлау қызметін жандандыруға тиіспіз», - деді ол.
Ғылым және жоғары білім вице-министрінің айтуынша, жастардың жұмыссыздығының алдын-алуда олардың мамандықты саналы таңдауы да маңызды.
«Осы мақсатта «Мамандығым-болашағым» жобасы аясында Edunavigator.kz платформасында 100 846 оқушы кәсіби диагностикадан өтті. Оның ішінде 12 мыңнан астам оқушы инженерлік бағытты болашақ мамандығы ретінде таңдауға ниетті екенін көрсетті», - деді Талғат Ешенқұлов.
Осыған орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі жұмыс күшіне сұранысты болжау жүйесінің көмегімен жаңа және сұранысқа ие мамандықтарға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
«Еңбек ресурстарын болжаудың негізгі факторы — жұмыс күшінің сұранысы мен ұсынысы арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету. Жұмыс күшіне сұранысын болжау жүйесінің көмегімен біз жаңа және сұранысқа ие мамандықтарға ерекше көңіл бөлеміз. Бұл мамандықтар болашақтағы қажеттіліктерді және еңбек нарығындағы қазіргі заманғы тенденцияларды көрсетеді. Мысалы, цифрландыру дәуірінде еңбек нарығында жаңа мамандықтар пайда болуда, мысалы: ұшқышсыз ұшу аппараттары операторы, робототехника операторы, цифрлық жобалаушы және т.б. Сонымен қатар, жұмысшы мамандықтары өз өзектілігін жоғалтпайды. Еңбек адамы әрқашан бағаланады. Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады, ол біздің қоғамдағы жұмысшы кәсіптерінің имиджі мен мәртебесін, еңбекқорлық пен кәсібилік идеясын ілгерілетуге бағытталған», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Ерболат Абулхатин.
Министрлік жас мамандарға арнап «Mansap Compasy» жаңа платформасы іске қосқан. Сайтта қолжетімді жұмыс орындары, жалақы, білім беру талаптары, оқу орындарының рейтингтері және тағы басқалар туралы егжей-тегжейлі аналитика бар.
«Бұл еңбек нарығын, ең алдымен жастарды жақсырақ бағдарлауға мүмкіндік береді және жұмысқа орналасу процесін тиімдірек етеді. Қазіргі уақытта платформада 12 бағыт бойынша 400 ең көп таралған мамандықтардың тізімі қалыптастырылған. Студенттердің практикалық дағдыларын игеру үшін электрондық еңбек биржасында өндірістік практиканың функционалы іске қосылды. Бұл студенттерге өндірістік практиканың қажетті орнын табуға ғана емес, сонымен қатар нақты дағдыларды игеруге, содан кейін жұмыс берушіде өз орнын табуға көмектеседі. 3,3 мың жұмыс беруші «Практикадан өту үшін» 16 мыңнан астам бос жұмыс орнын құрды», - дейді ол.
Сондай-ақ 2024 жылдың қорытындысы бойынша өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде барлығы 979,4 мың адам жұмысқа орналастырылған, оның ішінде 428 мыңнан астам адам жастар қатарына кіреді. Іске асырылып жатқан ұлттық және жекелеген жобалар аясында 3,6 мың қысқа мерзімді курстарды оқып шыққан.
Ерболат Абулхатиннің сөзінше жастар өз бизнесін жүргізуде өз білімдерін арттыру мүмкіндігін белсенді пайдаланады. Осылайша, 25 мыңнан астам жас кәсіпкерлік негіздеріне оқытылған. Халықтың әлеуметтік осал топтарының ішінен 3,4 мың жас қайтарымсыз гранттар алды. Ауыл жастары да жоғарыда аталған шараларға белсенді қатысады.