$ 496.41  542.77  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Бүгінгі қазақ киносынан ұят кетіп барады» - депутат Ұлттық құрылтайда айтылған өзекті проблемаға тоқталды

Ол құзырлы органнан бақылау болмаса бассыздық ұлғая береді дейді 

«Бүгінгі қазақ киносынан ұят кетіп барады» - депутат Ұлттық құрылтайда айтылған өзекті проблемаға тоқталды
Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай отандық кинолардың сапасына мән беріп, прокатқа шығарар алдында лицензия алуды заңмен міндеттеу керек екенін айтты. Сондай-ақ депутат Ұлттық құрылтайдың қорытындысы туралы пікір білдіріп, президенттің атап өткен мәселелеріне өз көзқарасын білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Ұлы даланың алтын алқасы, жер - анамыздың шырайлы көркі, Абылай заманының ұлы кеңестері өткен қастерлі төрі Бурабай баурайында Ұлттық құрылтай өтті. Қасым - Жомарт Кемелұлы Тоқаев қоғамдағы біраз түйткілді мәселелерді қозғап терең мазмұнды баяндама жасады. Абай мақсат тұтқан интелектуалдық қоғам қалыптасу үшін мінез - құлқымызға, сөйлеу мәдениетіне, іс - әрекетімізге жауапкершілікпен қарауымыз керек. Ұят — ар тазалығының айнасы! Бүгінгі қазақ киносынан ұят кетіп барады. Прокатқа шыққан отандық фильмдердің санына емес, сапасына мән бергеніміз маңызды. Президент осы мәселенің ушығып бара жатқанын айтып, бақылауға алу керектігін ескертті. Ендігі жерде отандық кинолардың сапасына мән беріп, прокатқа шығарар алдында лицензия алуды заңмен міндеттеу керек. Құзырлы органнан бақылау болмаса бассыздық ұлғая береді. Әріптесім Жанарбек Әшімжан осы мәселені көтеріп Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдаған болатын. Құрылтайдың кешегі секциялық отырысында осы түйткілді мәселені мен де көтердім», - деді депутат.

Аманжол Әлтай бүгінгі той - жиындардағы әдепсіз қылықтар, былапыт сөздерге қатысты «Әдеп ережесінің» қабылдануын қолдады.

«Әдеп — қоғамның ішкі мәдениетінің көрінісі! Ешкімнің жеке қуанышына, қазан - ошағына араласпаймыз. Бірақ бүгінгі той - жиындардағы ұлттық болмысымызға жат, әдепсіз қылықтар, ысырапшылдық, еліктеушілік, бипыл сөздер, саналы қазақты жирендіретіні сөзсіз. Президент алдында сөйлеген Бекзат Алтынбаев қоғамды даңғойлыққа сүйреп бара жатқан мұндай түйткілді мәселені бір жүйеге келтіру керектігіне тоқталды. «Әдеп ережесі» қабылдануы маңызды! Қоғамдық тәрбие мен ұлттық бірегейлікті нығайту туралы да маңызды пікірлер айтылды. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Бізге отаншыл, білімді, жауапты ұрпақ тәрбиелеу үшін мектептерде «Адал азамат» атты бағдарламаны енгізген жөн», – деді Президент. Дәстүрлі асыл дінімізде жат ағымдарға жол жоқ! Мемлекет басшысы жат діни ағымдарға қарсы күресті күшейтуді талап етті», - дейді депутат.

Депутат ғылым мен инновацияны дамыту, өңірлер мен аймақтарға назар аудару туралы келелі мәселелерге қатысты ойын білдірді.

«Ғылым және инновация! «Қазақстанда ғылым қалашықтарын құру туралы нақты міндет қойылды: «Қазақстанда әлі күнге дейін бірде-бір ғылым қалашығы жоқ. Үкімет ғылым қалашықтарын салу туралы ұсыныстарды жан-жақты зерделеуі керек». Өркенді ғылым — экономикалық әлеуеттің, мемлекет болашағының кепілі. Сондықтан да ғылымды дамыту — өркендеудің бірден - бір өнегелі жолы! Өңірлерді дамыту! Президент орталық пен өңірлер арасындағы алшақтықты жою, шекаралық аймақтарды дамыту қажеттігін атап өтті: «Өңірлердің дамуындағы алшақтықты жою – негізгі міндеттің бірі. Аймақтар арасында теңсіздік болмауы керек». «Ауылдарды дамыту, әсіресе шекаралық аумақтарға басымдық беру – стратегиялық маңызы бар мәселе». «Босап қалған жер жау шақырады» демекші жеріміздің шетіне ел толтырып іргемізді бекемдеу — маңызды мұрат! Мемлекет басшысы шекара түбіндегі аймақтарға арналған заң жобасын әзірлеуді тапсырды», - деп пікір айтты депутат.

Серіктес жаңалықтары