$ 499.04  544.45  5.96
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Есінен адасқан ата-анасын тастап кететіндер бар»: Астанадағы психикалық орталықта 400 адам емделіп жатыр

Қала бойынша 17 мың адам есепте тұр

«Есінен адасқан ата-анасын тастап кететіндер бар»: Астанадағы психикалық орталықта 400 адам емделіп жатыр
Фото: Azattyq Ruhy

Azattyq Rýhy  тілшісі осыған дейін шизофрения ауруының пайда болуы мен ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың қоғам қысымына қарсылығы жайлы материалдар легін әзірлеген еді. Бұл жолы психикалық науқастар ем-домды қалай қабылдайтынын және Астана қаласында неше адам есепте тұрғанын зерттеп көрмекпіз. Ол үшін Астана қалалық психикалық денсаулық орталығына арнайы барып, директордың медициналық бөлім жөніндегі орынбасары Алмагүл Айтжановамен әңгімелестік.

Елімізде 2024 жылдың ақпан айындағы жағдай бойынша, динамикалық бақылауда тұрған, психоактивті заттарды қолданбайтын, психикалық ауытқуы бар 204 408 адам тіркелген. Оның ішінде 44 781-і кәмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдер. Алмагүл Айтжанованың айтуынша, Астана бойынша 17 мыңнан астам адам психикалық орталықта есепте тұр.  

Қандай психикалық көмек түрлері бар?

«Бізде емделетін науқастардың дерті әртүрлі. Біреуінің ақыл-есі кем, туа біткен сырқат, шизофрения не болмаса көңіл-күйі бұзылып ауыратын адамдар бар. Ол балаларда да, ересектерде де кездеседі. Астана бойынша барлық науқас динамикалық есепке алынады және тегін ем алып жатыр. Олардың жағдайы жасалған, 100% ем қабылдайды. Әрбір науқастың өзінің емдеуші дәрігері болады. Маманның барлығы қалалық емханаларда отырады. Яғни, науқастарды қалалық психикалық орталықтан бөлек, өзге емханалардағы дәрігерлер қабылдай береді. Бұл науқастардың  психиатрдан өзге де дәрігерлерге көрінуі үшін жасалып отыр», - дейді маман.

Қоғам көп жағдайда психикалық науқас адамдарға әлжуаз деп қарамайды. Дерті бар адамды бірден қоғамнан оқшаулау керегін айтады. Маман науқастарды қоғамнан оқшаулау олардың құқығын шектеу дейді.

«Елде менталитет сондай ғой, мысалы, егер де психиатрға көрінсе  болды, ол адам сау емес, бұдан оқшаулану керек, бұны қамауға алу керек деп ойлайды. Бірақ оны жоққа шығарып отырмын. Себебі әрбір науқас жаны күйзелген кезде қиындыққа ұшырайды. Сондықтан сіз болып, біз болып, қоғам болып ол адамдарға түсіністік танытып, қамқорлығымызға алып, көмек көрсетуіміз керек. Ол әркімнің басынан өтуі мүмкін жағдай. Ешкім де одан сақтандырылмаған. Сондықтан қайырымдылық көрсетіп, оларға қамқор болу керек. Егер қоғам тарапынан ондай мейірім көрсетілмесе, олардың әлеуметтік ортаға араласуы қиын болады. Қазіргі уақытта жасалып жатқан ем-дом әсер етпеген жағдайда, стационарлық ем қабылдайды. Осылайша, 20-25 күн ем алады. Кейін қайта қоғамға оралады. Елдің ойындағыдай, есепте тұрған науқастың барлығын кісендеп, қамауда ұстау мүмкін емес. Олай істеуге болмайды да. Конституция бойынша да ондай адамдарды оқшаулауға құқығымыз жоқ», - дейді психиматр маман.

«Астанада 17 мыңнан адам есепте, 400 адам стационарда ем қабылдап жатыр»

Қалалық психикалық орталықта 17 мыңнан астам адам есепте тұр. Оның 6 мыңы психоактивті заттарға тәуелді адамдар. Қазір 400 адам стационарда жатыр. Олар ем алып, жағдайы жақсарған соң, үйлеріне шығады.

«Психикалық ауру аяқ астынан пайда болатын дүние емес. Ол бірте-бірте басталады. Дерт ушықпай тұрғанда дәрігерге қаралып, ем-дом алып, алдын ала қабылдауға да болады. Мысалы, мазасы кетіп, көңіл-күйі болмай, күнделікті ісінен қалып, өзін күтпей, ешкіммен араласпай, бүк түсіп жатып қалатын кездер болады. Дер кезінде ем алмаса, бұл жағдайы ушығып, өзіне сын көзбен қарай алмай, ойдың құрсауына құлайды. Мысалы, «мені аңдып жүр, камералардан мені бақылап отыр» деген ойлар пайда болады. Олар бұл ойларын шындыққа балайды.», - дейді ол.

«Орталық босап қалатын жағдай болмайды»

Маман егер осындай әрекетті жақындарынан байқағанда, бірден көмекке жүгінетін адамдардың жанынан табылғаны дұрыс екенін айтады.   

«Ерсі күліп, орынсыз сөз айтып, талапқа сыймайтын тәртібі болғанын өзге адамдар байқаса, дәрігерге хабарласқаны абзал. Бізде жедел жәрдеммен шығатын арнайы психиатриалық дәрігерлер бар. Олар науқастың жағдайы көңіл көнштіпесе, орталықтың қабылдауына әкеледі. Кейін комиссия қандай ем шараларын қабылдау керегін шешеді. Стационарда ем қабылдаған науқастың туыстары, отбасына, жасөспірім болса, ата-анасына ем одан әрі қарай жалғасатынын, тіркелген емханаларға бару бойынша нұсқаулық береді», - дейді Алмагүл Айтжанова.

Осыған дейін көктемде психикалық науқастардың дерті ушығады дегенге түсініктеме берген едік. Психиатр да ол ол түсінікті жоққа шығармады.

«Көктемде ауру асқынады дегенді жоққа шығара алмаймыз. Кейбір кезде науқас саны артады, кеде ондай тенденция байқалмайды. Жазда да, қыста да адамдардың жағдайы өзгеріп жатады. Жазда аурухана бос қалады деген жағдай болмайды. Астана елордамыз болған соң да, өңірлерден адамдар келеді. Науқастың саны сол үшін де көп болып отыр. Тіпті, баласына, жақынына көмек көрсету үшін, ем қабылдау үшін Астанаға көшіп келетін де жағдайлар бар», - дейді ол.  

«Ата-анасын тастап кететін адамдар бар»

Маманның айтуынша, қартайғанда есінен алжасқан, жадынан айырылған ата-анасын тастап кететін жағдайлар да кездеседі.

«Бұл - өте күрделі мәселе. Бәлкім, оларды түсінуге болар. Бірақ басқа түскен ауыртпалықты көтеріп, жақынын қандай болған жағдайда да тастамау керек деп ойлаймын. Егер де психикалық орталыққа жақынын қалдырып, оны қайтадан «үйге әкете алмаймыз» деген жағдайда біз дәрігерлермен комиссия өткізіп, оларды әлеуметтік орталықтарға бағыттаймыз», - дейді Алмагүл Айтжанова.

Ал науқастармен үнемі жұмыс істеп, терапия өткізетін мамандардың өздерінде эмоционалдық өзгерістер болуы мүмкін екен.

«Сол себепті аптасына бір рет психологиялық тренингтер өтеді. Психикалық орталықта динамикалық есепке алынған соң, дәрі-дәрмек, ем-домның бәрі тегін беріледі. Оның ішінде амбулаторлық, стационарлық ем де бар. Ал наркологиялық есепте тұрғандар да тегін емделеді. Ал есепке тұрмай, өз бетімен емделетіндер жеке клиникаларға қаралады»,- деді Алмагүл Айтжанова.  

Психикалық орталықта есепте тұрған науқастар қандай жағдайда тізімнен алынады?

«Егер де науқас бір жылдың ішінде өзін-өзі басқарып, жұмыс істеп, дәрілерге жүгінбей, мүгедектік алмаса, 12 ай ішінде қаралып, есептен шығуына болады. Ай сайын дәрігерге келіп көрініп,  бақылауда болуы керек. Ал наркология бойынша жақында өзгерістер енгізілді. Бұрын 1 жылдың ішінде өзінің тәуелді еместігін дәлелдесе, былтырғы желтоқсаннан бастап олардың жазылғанын дәлелдеу 3 жылға ұзартылды. Олар екі айда бір келіп, бақылауда болады», - дейді психиатр маман.

Оның айтуынша, қылмыстық іс жасаған адамдардың ішінде есепте тұрып, ем қабылдап жатқан адамдар саны өте аз.

«Көп жағдайда қылмысты психикалық дерті бар адам жасайды деген жаңсақ пікір бар. Қазір қоғамда науқастарға қатысты таптаурын жағдай қиындық туғызып отыр. Қылмысты жасайтын адамдардың барлығы науқас деп айту-қате. Біздің орталықта оңалту қызметі де бар. Оның ішінде тігін цехі, темір жонушы, зергерлік қызметтер бар. Науқастар айығып, қоғамға тез оралу үшін еңбек терапиясы арқылы өзіне тез келеді. Онда еңбекке баулудан бөлек вокал, арт-терапия да бар. Бір-бірімен сөйлесіп, дос тауып, қоғамға оралуға әрекет жасалады. Біз науқастың тек психикалық ауруын ғана емес, басқа да дертін емдеп шығарамыз. Қосалқы емдерін бірге жасап жүргіземіз», - дейді ол.

Мүгедектік не үшін беріледі?

«Бұл дерттің салдарынан кейбір науқас жұмыс істей алмайды. Мысалы, мұғалімде шизофрения болса, ол мектепте жұмыс істей айлмайды. Мүгедектік сондай жағдайда беріледі. Ал толық ем-домын қабылдаған адам өзіне келмесе, ем қонбаса мүгедектік беріледі. Қазір емдеу техникалары да жақсарды. Қазір үш айда бір екпе салып ем қабылдайтын жағдайға жеттік. Біз психикалық ауруларды емдеп үйрендік. Енді біздің бар ынтамыз психикалық денсаулықты сақтау, науқас адамды қоғамға қайтару. Өзге адамдар сияқты өмірдің рахатын көруге көмектесуіміз керек», - дейді Айтжанова.

Оның айтуынша, коронавирус кезіндегі карантиннен кейін адамдардың үрейі күшейген.

«Қазір әлеуметтік желінің де психикалық денсаулыққа әсері тиюі мүмкін. Бәрі мінсіз өмірді көрсетеді. Ал коронавирустен кейін адамдарда үрей көбейгенін атап өткен жөн. Тұншығу, төрт қабырғаға қамалып отыру, көп адам жұмыстан айырылып, емін-еркін өмірден құр қалғандай күй кешті. Сол себепті адамдардың невротикалық өзгерістері болған. Сосын көп адам несиеге әуес, олар бүгін әдемі өмір сүргісі келеді. Сол себепті несиеге батып та, күйзеліске ұшырайды. Бірақ осының барлығы психикалық ауруға алып келеді деп айта алмаймыз. Бірақ депрессия, күйзеліске келуіне әсер етуі мүмкін», - деп түйіндеді маман.

Серіктес жаңалықтары