«Шизофрениямен ауыратындарды қоғамнан оқшаулауға болмайды»: психиатр көктемде дерт неге асқынатынын түсіндірді
Әдетте қоғамда психикалық ауруы барлар жайлы таптаурын өте көп

Қазақстандағы психикалық орталықтарда 300 мыңнан астам адам есепте тұр. Жалпы ғылымда шизофрения дерті толық зерттелмеген. Оған қоса тарихта гений атанып, ғылыми жаңалық ашқандардың қатарында осындай диагноз қойылған азаматтар да бар. Azattyq Rýhy редакциясы осы орайда психикалық науқас адамдарға жасалатын жағдай мен қоғамда қалыптасқан көзқарастың шектеулері жайлы материалдар сериясын әзірледі. Бүгін назарларыңызға алғашқы бөлімін ұсынуды жөн көрдік.
Тарихқа зер салсақ, теориялық физиканың негізін қалағандардың бірі, гуманист Альберт Энштейннен шизофренияның белгілері айқын көрініс тапқан. Алайда оған нақты диагнозды ешбір маман қоя алмаған. Ал жазушы Михаил Булгаковтың осы кеселмен ауырғаны жайлы пікірталастар әлі күнге дейін бар.
Арыға кетпей-ақ жуырда Астанада болған мына жағдайға зер салып көрейік: лифтіде бас жасар баланың бетін тілгілеп кеткен бала бетіне маска киген әрі пышақты балтырына тығып алған. Яғни, шизофрения диагнозы бар деп болжанған 14 жастағы жасөспірімді көпшілік «ақылды тентекке» балады.
«Шизофрениктерді» қоғамнан оқшаулау – адам құқығын бұзу
Психиатр әрі психотерапевт Арай Әлғожина шизофрения тұқым қуалайтын туа біткен дерт екенін айтады.
«Шизофрения – себебі мен белгілері көп күрделі психикалық ауру. Оның пайда болуына бірнеше фактор әсер етеді, соның ішінде тұқым қуалайтын түрлері де бар. Бірақ бұл 100% нақтыланған себеп емес. Бұл эндогендік ауру, яғни адамға шизофрения туа бітеді. Алайда ғылым оның нақты пайда болу себептерін әлі күнге дейін толық анықтаған жоқ», - дейді маман.
Оның айтуынша, шизофрениктердің бәрі қадамын аңдап басатын салқын сана иесі емес. Дегенмен, оларды қоғамнан толық оқшаулауға жол бермеу керек дейді дәрігер.
«Шизофрениямен ауыратын адамдардың бәрі бірдей емес – кейбіреуі жоғары интеллектке ие, ал басқаларының ой-өрісі орташа немесе төмен деңгейде болуы мүмкін. Оларды қоғамнан оқшаулауға болмайды, егер науқас тиісті ем қабылдап, өзін бақылап отырса, оны оқшаулау – оның құқықтарын бұзу. Психиатрияда тек қауіпті әрекеттер жасаған немесе қылмысқа барған науқастар ғана мәжбүрлі түрде оқшауланады. Шизофрения диагнозы қойылған барлық адамды оқшаулау қате шешім болар еді, себебі бұл ата-аналардың балаларын жасыруға, емделуден бас тартуға және қоғамда агрессияның күшеюіне әкелуі мүмкін», - дейді Әлғожина.
Маман мұндай жағдайды болдырмау үшін науқастарды әлеуметтік ортаға бейімдеп, психологиялық қолдау көрсету маңызды екенін жеткізді.
Қылмыс жасағандардың бәрі бірдей ауру емес
Осыдан бір жыл бұрын Ұлыбританияда параноидты шизофрениясы бар науқас өмір бойы қоғамнан оқшаулайтын клиникаға қамалды. Ол 2023 жылы үш адамды бауыздап, кейін жүк көлігімен тағы үш адамды басып кеткен болатын. Осындай қылмысқа баратын науқастардың барлығы шизофреник деген таптаурын бар. Алайда маман психикалық ауытқуы бар адам мен қылмыстың аражігін ажыратқан жөн деп санайды.
«Шизофрения мен қылмыстың арасында тікелей байланыс жоқ, ал ауыр қылмыс жасаған адамның міндетті түрде психикалық ауруы бар деген пікір – қате түсінік. Егер адам ауыр қылмыс жасаса, ол тергеушінің нұсқауымен сот-психиатриялық сараптамадан өтеді. Бұл сараптама оның қылмыс жасаған сәттегі психикалық жағдайын анықтайды. Сараптама адамның ақыл-есі дұрыс болды ма, жоқ па деген сұраққа жауап береді. Егер ол психикалық аурумен ауырса, бұл міндетті түрде шизофрения дегенді білдірмейді. Ауыр қылмыс жасаған кез келген адамды психикалық науқас деп санау – дұрыс емес», - дейді Арай Әлғожина.
Психиатрдың сөзінше, кейбір қылмыскерлердің психикалық ауытқуы болуы мүмкін, бірақ барлық қылмыс психикалық аурумен байланысты емес.
«Сондықтан шизофрения немесе басқа да психикалық бұзылыстарды қылмыспен байланыстыру – ұғымдарды алмастыру. Ремиссияға жеткен шизофрениктер қоғамға қауіпсіз. Ремиссияға жету үшін психиатр дәрігер мен науқас бір команда сияқты жұмыс істейді – ем тағайындайды, пациент пен оның туыстарын ауру және диагноз туралы толық ақпаратпен қамтамасыз етеді. Ең бастысы –қашан көмекке жүгіну керегін түсіну, бұл жағдайдың асқынуын алдын алып, асқынуға жол бермейді», - дейді маман.
Қоғамда көп кездесетін психикалық аурулар қандай?
Қазіргі кезде ең жиі кездесетін психикалық аурулар – депрессия, деменция және тәуелділік.
«Бұл жағдайлар ең алдымен науқастың өз денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді, бірақ олардың қоғамға да әсері бар. Депрессия – өнімділікті төмендетеді, суицид қаупін арттырады және басқа ауруларды асқындырады. Деменция – науқастың отбасына және денсаулық сақтау жүйесіне үлкен салмақ түсіреді, немқұрайлық пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбеюіне әкеледі. Тәуелділіктер (есірткі, алкоголь, құмар ойындар) – қылмыстың көбеюіне, отбасылардың күйреуіне, өлім-жітімнің артуына және медицинаға кететін шығындардың ұлғаюына ықпал етеді», - дейді Арай Әлғожина.
Қазір көп адам депрессияны ауру деп санамайды және өздерінде осындай диагноз бар екенін білмей жатады дейді ол. Маманның айтуынша, мұндай жағдайда ең дұрысы психолог көмегіне жүгіну.
«Егер сізде депрессия белгілері байқалса, бірақ айналаңыздағы адамдар сенбесе, психиатрға немесе психологқа жүгінгеніңіз жөн. Егер сіз басқа адамның депрессияға ұшырағанын байқасаңыз, бірақ ол мұны мойындамаса, оған алаңдайтыныңызды ашық айтыңыз. Бұл жағдайдың депрессия болуы мүмкін екенін түсіндіріп, кәсіби көмекке жүгінудің қалыпты және маңызды екенін айту керек. Егер көмек қажет болса, маман табуға немесе дәрігерге баруға көмектесуге дайын екеніңізді білдіріңіз», - дейді маман.
Оның айтуынша, ең бастысы – адамды қолдау және оның жай-күйін жақсартуға көмектесу.
Көктемде ауру неге қозады
Аутизмі бар балаларға 18 жасқа толған кезде өзге психикалық диагноз қойылады. Оның ішінде шизофрения да бар. Алайда маман осы бағытта басқа да ерекшеліктер бар екенін айтады.
«Бұл мәлімдеме толығымен шындыққа сәйкес келмейді. Аурулардың халықаралық жіктелуі бойынша кейбір диагноздар тек бала жаста қойылады, мысалы, «балалық аутизм», ал 18 жасқа толғаннан кейін жаңа диагноз қойып, топтық мүгедектікті сақтау оңай емес. Әр жағдай жеке қарастырылады және дәрігерлер мен ата-ана (немесе қамқоршылар) бірге шешім қабылдайды», - дейді Әлғожина.
Көктемде психикалық аурулар асқынып, дерті қозатындар жайлы жиі айтылады. Маман бұл мәселеге қатысты да пікірін білдірді. Арай Әлғожинаның айтуынша, көктемгі асқыну туралы пікір ғылыми ішінара дәлелденген, алайда оны 100% ақиқат деп тануға болмайды.
«Зерттеулер көрсеткендей, көктем мезгілінде биполярлық бұзылыс пен шизофрениясы бар науқастар ауруханаға жиі түседі. Көктем мен күзде суицид жағдайлары көбейеді, әсіресе маусымдық өзгерістер айқын байқалатын аймақтарда осындай жағдайлар көбейеді. Дегенмен барлық психикалық науқастарда асқыну бола бермейді – әр адамның реакциясы жеке ерекшеліктеріне байланысты», - дейді психотерапевт.
Ал көктемде аурудың асқынуы күн сәулесінің артуы, биологиялық ырғақтың өзгеруі, гормоналды өзгерістермен байланысты болады.
«Қыста жағдайы нашарлаған адамдар күннің жылығанын күтеді, бірақ көңіл күйі жақсармаған кезде дәрігер көмегіне жүгінеді», - деп түйіндеді маман.
Түйін: Шизофрения әлеуметтік маңызы бар ауру, оны тек психиатр емдей алады. Сондай-ақ бұл дертке душар болғандар тұрғылықты мекенжайы бойынша психиатрдың көмегіне жүгінуі керек. Маман жазып берген дәрі-дәрмекті қолданып, жағдайы асқынған кезде емдеуді түзету үшін де осы маманға қаралған абзал. Ізгі қоғамда туа біткен дерт шизофрениямен ауыратындарды және олардың ата-анасын сөгуге жол берілмеуі керек. Осы орайда мемлекеттің ұсынып отырған тетіктері мен ерекше бала асырап отырған ата-аналардың назын келесі бөлімде жазамыз.