$ 500.32  545.3  6
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.03.2025, 11:00
Қоғам

Келесі Құрылтайға дейін көптеген оң өзгеріс болары сөзсіз – «AMANAT» партиясы филиалының төрағасы

Салық жүйесін реформалау – маңызды қадам дейді партия мүшесі

Келесі Құрылтайға дейін көптеген оң өзгеріс болары сөзсіз – «AMANAT» партиясы филиалының төрағасы
Фото: «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Абдолла Идресов Бурабайда президенттің қатысуымен өткен Ұлттық құрылтай туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Идресовтің айтуынша, салық жүйесін реформалау – маңызды қадам.

«Көлеңкелі кәсіпті заңдастыра отырып біз көптеген игілікке қол жеткіземіз. Салық есебінен салынан әлеуметтік нысандар аймақтағы көптеген мәселенің шешімін табады. Атап айтқанда, үш ауысымды мектептер азайып, балабақша, аурухана жетіспеушілігі жойылады. Әділ әрі тиімді салық жүйесін құру – елдің болашағына, кейінгі ұрпақтың тұрмысына тікелей әсер ететінін ұмытпаған жөн», - дейді филиал төрағасы.

Оның пікірінше, бірыңғай уақыт белдеуіне көшкеніміз мемлекетті басқару ісінде, логистика мен көптеген бизнес үдерісте өзінің тиімділігін көрсетіп жатыр. Идресов бүгінгі құрылтайда президент бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ екенін айтып, нүктесін қойғанын еске салды.

«Қазір әлеуметтік желіде адамға тіл тигізу, ар-намысын аяққа таптау, қайырымдылыққа деп ақша жинап, оны жеке басының пайдасына жарату, яғни интернет-алаяқтық және жұртқа ақыл айтып ақша табатын жалған психологтар мен «коучтар» белең алды. Мемлекет басшысы мұндай келеңсіз жайттарды тыюдың жолын қарастыруды тапсырды. Шын мәнінде мұндай алаяқтыққа заң жүзінде тосқауыл қойып, тисті іс-шаралар қолға алынуы тиіс. Қазір халықтың басым бөлігі осы цифрлық алаяқтардың құрбанына айналып отыр», - дейді партия мүшесі.

Сондай-ақ Абдолла Идресов қазір елімізде барлық салада ауқымды реформалар мен нақты өзгерістер жүзеге асып жатқанын атап өтті. Оның бәрі халықтың тілегі мен заманның талабына сай жасалып жатыр. Бұл халық үнін еститін Үкімет тұжырымдамасының жемісі. 

«Бүгін мемлекет басшысы Құрылтайда көптеген мәселеге тоқталды және құзырлы органдарға солардың шешімін табуды тапсырды. Енді келесі Құрылтайға дейін жаңа заңдар қабылданып, жүзеге асып, көптеген оң өзгерістер болары сөзсіз», - дейді ол.

Серіктес жаңалықтары