«Қиын сұрақ»: Қазақстаннан Нобель сыйлығының лауреаты қашан шығады
30 жыл бұрын арнайы бағдарлама қабылдаған Сингапурдың өзінде Нобель сыйлығының иегері әлі жоқ дейді министр

Үкіметте өткен брифингте Azattyq Rýhy тілшісі ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен Қазақстаннан Нобель сыйлығының лауреаттары қашан шығатынын сұрады.
«Қиын сұрақ. Неге десеңіз, Нобель сыйлығын алу үшін үлкен ғылыми мектеп болуы керек. Нобель сыйлығы бірден беріле салмайды, сол мектептің нәтижелері зор үлес қосуы керек, үлкен өзгеріс жасауы керек. Сосын оны Нобель комитеті қарайды, бақылайды. Нобель сыйлығын ешқашан бірден бере салмайды. Мәселен, Сингапур – өте дамыған ел. Осыдан кемінде отыз жыл бұрын тұңғыш сингапурлық Нобель сыйлығының иегерін шығарамыз деп үлкен бағдарлама қабылдады. 80 млрд доллар бөліп, соңғы отыз жылда арнайы бағдарламамен жұмыс істеп келе жатыр. Бірақ әлі күнге дейін Нобель сыйлығының иегері жоқ», - дейді Саясат Нұрбек.
Оның айтуынша, әзірге министрлікте Қазақстаннан Нобель лауреатын шығару жоспарда жоқ.
«Біздің әлі жоспарымыз жоқ. Бірінші кезеңде біз ғылымды қаржыландыруды тұрақты форматқа шығару, жыл сайын гранттар беру, жалақыны өсіру, ғалымдардың мәртебесін көтеруді мақсат еттік. Екінші кезеңде былтырдан бастап қолданбалы форматқа көшіп жатырмыз. Яғни екінші кезеңде – сол қаржыландырудың арқасында өндіріспен ұштастырып, нақты қолданбалы шешімдерді шығару. Алғашқы нәтижелер шыға бастағанын көріп отырсыздар», - дейді ол.
Ал үшіншісі – инновациялық кезең.
«Оған енді менің министрлік өмірім жете ме, жетпей ме, білмеймін, бірақ Алла жазса жетеді. Бұл кезеңде біз нақты төрт-бес бағытты айқындап, сол бағытта үлкен инновацияларды шығарамыз. Ол көп бағыт бола алмайды, бәлкім бір-екі бағыт болуы мүмкін. Ол кезеңге 2025-2026 жылдан бастап көшеміз. 2025 жылы сіздерді немен қуантамыз? Қолданбалы ғылыммен қуантамыз. Сосын бірнеше мамандандырылған бағытты таңдап, күшімізді инновация шығаруға саламыз. Сол үлкен инновация шыққан жағдайда Нобель сыйлығы Алла жазса шығуы мүмкін», - дейді Саясат Нұрбек.