«Бірге кітап оқиық»: Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов оқырмандарға кітап ұсынды (ВИДЕО)
Ол бұл туындыны оқыған бала өзінің қазақ екеніне қуанады деді

Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов «Бірге кітап оқиық» ауқымды жобасына «Қаныш аға осындай еді…» кітабын ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бұл кітапты 1999 жылы шығарған едік. Қалмұқан Исабай атты көрнекті жазушының «Қаныш аға осындай еді…» деген кітабы. Қаныш аға туралы талай романдар, повестер, деректі шығармалар жазылды. Бірақ мына кішкентай кітаптың ішінде оның жан-дүниесі, қазаққа деген махаббаты бар. Бұл туындыны оқыған бала өзінің қазақ екеніне қуанады», - деді Мереке Құлкенов.
Бұл туындыда белгілі ғалым-геолог Қаныш Сәтбаевпен бірге 20 жыл уақыт өткізген Бөпежан Аяпбергеновтың естеліктері жазылған.
Жоба ережесіне сай Мереке Құлкенов келесі кітапты анықтауды жазушы Төлен Әбдікке және Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке ұсынды.
Еске салсақ, елімізде «Бірге кітап оқиық» атты ауқымды кітап жобасы басталған еді. Оның негізгі мақсаты - аудиторияның кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, ата-аналарды балаларымен бірге кітап оқуға шақырып, отбасылық оқу дәстүрін қалыптастыру және балалар мен жасөспірімдердің арасында кітап оқудан сауатты бәсеке орнату.