Бортсерікті көбісі «аспандағы офицант» деп менсінбейді – халықаралық әуе компаниясында жұмыс істейтін қазақ қызы
8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесіне орай редакция тілшісі қызықты кейіпкерден шағын сұхбат алған еді.

Қазақтың қарагөз қызы Іңкәр Абылқасым екі жарым жылдан бері Біріккен Араб Әмірліктерінде тұрып, халықаралық әуе компанияда бортсерік болып жұмыс істеп жүр. Ол араб еліндегі шетел қызметкерлерінің жағдайы туралы айтып, бортсерік маманы болудың қыр-сырын бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Air Arabia әуе компаниясында істеймін. Қазір Дубайға жақын орналасқан Шаржа қаласында тұрамын. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен келіп жұмыс істейтін мамандар өте көп. Өзімнің бақылауым бойынша, БАӘ-де, Қатарда мамандарға жағдайды өте жақсы жасайды: тұруға ықтиярхат береді, баспанамен қамтамасыз етеді, медициналық сақтандырады. Қонақ үй, туризм саласындағы жұмысшыларына 5 уақыт тамағын береді. Мәселен, біздің әуе компания жүріп-тұруымызға қаржы аударып тұрады», - дейді Іңкәр.
Спикердің айтуынша, кейбір адамдар бортсерік мамандарының еңбегін құнсыздандырып, «аспандағы офицант» деп кекесінмен айтатын көрінеді.
«Бұл мамандықтың қызығы да шыжығы да көп. Бір қарағанда оңай секілді, бірақ жүктелетін міндет орасан зор. Бортсеріктің қолынан бәрі келуге тиіс. Керек кезінде алғашқы медициналық көмекті де көрсетеміз, жолаушының қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз, турбулентті кезеңде көпшілікті сабырға шақырамыз, мінезі шатақ кісілермен жайлап сөйлесіп, мәселені бейбіт шешуге барымызды саламыз. Мінезім жұмсақ болған соң, ұрыс-керістен аулақпын. Жолаушылармен ондай жағдай болса, жеке басыма қабылдамаймын. Олар қызмет тұтынушы болғандықтан сабырмен қабылдаймыз, ұрыспай жауап береміз. Бірақ егер жолаушы тым артық кетіп, ұрыс- керістен арыға барып жатса, оны капитанның бұйрығымен ұшақтан түсіріп жіберуге құқығымыз бар. Әуеде әртүрлі төтенше жағдай болуы мүмкін. Соның бәріне дайын болуымыз керек. Сондықтан жауапкершілігі үлкен жұмыстардың бірі дер едім. Ал қиындығына келетін болсақ, ұйқы режимі бұзылған соң, қатты шаршаймыз, кейде түнде, кейде күндіз ұшамыз», - дейді Іңкәр.
Кейіпкеріміз мамандығының тек ауыр жауапкершіліктен тұрмайтынын, пайдалы тұстары да өте көп екенін атап өтті.
«Бортсерік болып жүріп, коммуникация құру дағдысын дамыттым десем болады. Мұнда әлемнің әр жерінен түрлі ұлт өкілдері келіп жұмыс істейді. Түрлі мәдениет пен көзқарас бір жерге тоғысады. Олармен тіл табыса білу де бір өнер. Бұл мамандық осыны үйретеді. Әлемнің бірталай елінде болдым, көңіл көкжиегімді кеңейттім. Одан басқа, біреу ауырып қалса, талып қалса, абдырап қалмай медициналық көмек көрсетуді, сондай жағдайларда сабырлық танытуды үйрендім. Бұрын қорқынышым басым еді», - дейді ол.
Іңкәрдің айтуынша, халықаралық әуе компанияларында бірлі-жарым қазақ қыздары жұмыс істейді. Отандастарды сирек кездестіремін дейді ол.
Кейіпкеріміз 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнін шетелде жүріп қалай қарсы алатынын айтып берді.
«Халықаралық әйелдер күні бұл жақта тойланбайтын болған соң, Қазақстандағыдай көңіл күй сезілмейді. Елде бәрі сыйлық алып, гүл сыйлап жатады. Биыл Қазақстаннан әпкем келе жатыр, сондықтан үйге гүлдер алып арнайы мерекелік атмосфера жасап қойғым келіп жатыр. Рамазан айы болғандықтан үйде дастархан жасап, өзіміз атап өтеміз. Болашақта тұрмысқа шыққан соң, отбасыма көбірек көңіл бөліп, өзімнің хоббиімді табыс көзіне айналдырғым келед», - дейді Іңкәр.