$ 499.76  521.7  5.63
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.02.2025, 15:40
Қоғам

Қорқынышты статистика: Қазақстанның батысында жедел жәрдем көліктері 86 пайызға тозған

Санитарлық автокөліктердің құны 29 млн мен 48 млн теңге аралығында

Қорқынышты статистика: Қазақстанның батысында жедел жәрдем көліктері 86 пайызға тозған
Фото: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстанда пациенттердің шақыртуларына шығып жүрген 2,5 мыңға жуық жедел жәрдем машинасы 60,4 пайызға ескірген. Кейбір облыстарда санитарлық көліктердің тозу деңгейі 90 пайызға жуықтайды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Azattyq Rýhy ресми сауалына жолдаған жауабында айтты.

ДСМ ақпаратынша, қазір елімізде Жедел медициналық жәрдем станциялар (ЖМЖС) балансында 2 418 автокөлік бар, оның 1 531-і – қалада, ал 887-сі – ауылда. Осы автокөліктердің 2 115-сі, яғни 87,5 пайызы жүріп тұр.

Жалпы санитарлық автокөліктер үш классқа бөлінеді:

  • «А» класы –  шұғыл емес шақыртуларға шығады, қазір елімізде осындай 420 автокөлік бар;
  • «В» класы – емдеу шараларын жүргізу қажет болғанда, жедел жәрдем көліктерінің ең көбі – 1 320 осы санатқа жатады;
  • «С» класы – жағдайы ауыр науқастарға арналған, республика бойынша мұндай 680 реанимобиль жұмыс істейді.

«2025 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда санитарлық автокөліктің тозу деңгейі 60,4%-ды құрап отыр. Бір жыл бұрын олардың тозу көрсеткіші 44,2 пайыз болған. Тозу деңгейі ең жоғары өңірлер: Абай (73,5%), Ақмола (64%), Атырау (69,1%), Шығыс Қазақстан (63%), Батыс Қазақстан (86%), Қостанай (70,2%), Қызылорда (65,5%), Маңғыстау (75%), Павлодар (74,2%), Солтүстік Қазақстан облыстары (62,3%) мен Астана (69%), Шымкент (75%) қалалары», - деп жауап берді министрлік.

Ведомствоның ақпаратынша, жедел жәрдем көліктері жылына 120 мың шақырым жол жүретіндіктен, үш-төрт жыл ішінде тозып кетеді. Бүгінгі күні әбден ескірген 339 санитарлық автокөлік есептен шығарылуға тиіс.

Денсаулық сақтау министрлігі ескі көліктерді жаңарту үшін 2025-2028 жылдар аралығында 2 118 машина сатып алуды жоспарлап отыр. Жедел жәрдем көлігінің орташа бағасы 29 млн теңгеден 48 млн теңгеге дейін барады:

  • А класы көлігінің орташа құны – 29 550 000 теңге;
  • В класы – 36 400 000 теңге;
  • С класы – 48 000 000 теңге.

«2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 134 санитариялық автокөлік сатып алынды, оның ішінде 10-ы лизинг аясында республикалық бюджеттен, 118-і жергілікті бюджеттен және алтауы мемлекеттік-жекешелік әріптестік есебінен. 2025 жылы 378 бірлік санитарлық автокөлік сатып алу жоспарланып отыр», - дейді ДСМ.

Серіктес жаңалықтары