$ 502.47  525.83  5.68
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Түркістан облысында қуаты 1 мың МВт-қа дейін жететін электростанция салынады

Бұл Түркістан облысы мен Шымкент қаласын энергия тапшылығынан құтқаратын жоба болмақ 

Түркістан облысында қуаты 1 мың МВт-қа дейін жететін электростанция салынады
Фото: «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында энергия өндіретін жаңа нысандар салу қажеттілігін айтты. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет екеніне баса мән берді. Осы орайда, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасында, өңірде қуаты 1 мың МВт дейін жететін бу-газ қондырғысы негізінде электростанция салу жөніндегі міндеттеме белгіленген болатын. «Самұрық-Қазына» Қорының еншілес ұйымы – «БГҚ Түркістан» ЖШС-гі қолға алған бу-газ станциясының құрылысы Сайрам ауданының Қарамұрт елді мекенінде басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оңтүстік Кореялық «Doosan Enerbility» және Қазақстандық «Bazis Construction» компаниялар консорциумы іске асырып жатқан жоба Қазақстанның оңтүстік аймағындағы, оның ішінде Шымкент қаласы мен 2 млн-нан астам тұрғыны бар Түркістан облысындағы энергия тапшылығын еңсеруге жәрдем көрсететін жаңа буын энергия өндіретін кәсіпорын болмақ. Партияның айрықша бақылауына алынған стратегиялық мәні бар нысанның құрылыс алаңына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев арнайы барды. Құрылыс жұмыстарының барысы туралы Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Шухратулла Убайдуллаев баяндады.

Құны 800 млрд теңге тұратын жоба толық өндірістік қуатына шыққанда 926,5 МВт электр қуатын өндіретін болады. Мұнда қойылатын газ турбиналық қондырғылар Германияның Siemens Energy компаниясының өнімі болса, бу турбиналық қондырғылар Чехияның Doosan Skoda Power компаниясының өнімі болмақ. Италиядан қазандық құрылғылары, Қазақстанның Asia Trafo компаниясы қуат арттыру трансформаторлары әкелінеді. Үздік технологиялық шешімдер бойынша салынып жатқан кешен үшін 60 га жер бөлінген.

Аудан әкімдігі берген мәліметі бойынша, қазір мұндағы құрылысқа 11 компанияның жұмысшылары: барлығы 2500-ге жуық адам тартылған. Оладың көбі Төлеби, Сайрам ауданының тұрғындары болып келеді. Құрылыс жұмыстары аяқталып, кәсіпорын тұрақты жұмыс істеуге көшкенде мұнда тұрақты жұмыспен қамтылатын азаматтардың саны 300-400 адам болады деген болжам бар. Қазір кәсіпорын қажеттілігі үшін жоғары қысымды газ жеткізуде магистральды газ құбыры салынып жатыр. Газ жүйелері тартылатын аймақтар бойынша жерлерді жекеменшік иелерінен сатып алу жұмыстары атқарылып, құрылыс-монтаждау жұмыстарының қарқыны артқан. Электр қуатын өндіретін аумақтан экономикаға оң әсерін беретін, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыс орындарымен қамтитын және аймақтың өндірістік әлеуетін көтеретін мәселелерге баса мән берілуде, оның ішінде осы аймақта өндірістік парк салу бастамасы жүзеге асырылмақ.

Мемлекет басшысы айтқан «Дамыған аймақтар – қуатты экономика» қағидатын іске асыруда Түркістан өңірінде нақты қадамдар жасалуда. Энергия өндірісін ұлғайту – экономикалық тұрақтылыққа жеткізетін нақты қадам. Бұл ретте инновациялар мен технологияларды енгізу экономиканы әртараптандырудың, өндірістік қуатты арттырудың бірден бір жолы. Партия осы санаттағы жобаларды қолдап, сапалы жұмыс орындарының құрылуын, кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасалуын үйлестіріп, қоғамда орта таптың қалыптасуына өз үлесін қоспақ.

Серіктес жаңалықтары